Ұлттық спорт – халықтың болмысын, мінезін және рухын айқын көрсететін айна. Қазақ күресі мен дәстүрлі садақ ату – ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра, бүгінгі ұрпақтың мақтанышына айналған өнер. Уақыт өткен сайын бұл спорт түрлері тек ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейде де мойындалып келеді. Еліміздің мақтанышы атанған балуандар мен мергендер жетістіктері арқылы ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатады.

Күш пен намыс алаңы

Қазақ күресі – тек спорт емес, қазақ халқының тарихи жадында сақталған өмір салты. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушы Жеңіс Биткөзов үшін бозкілем – тағдыр жолын айқындаған қасиетті орын. Ол бала кезінен күрестің иісін, жеңіс пен жеңілістің дәмін сезініп өскенін айтады.

«Әкем мен ауылдағы ардагер бапкерлер маған спорттың мәнін, табандылықтың құнын үйретті. Уақыт өте келе, жастарға үйрету – парызым екенін түсіндім. Жаттықтырушы болу – мамандық емес, өмірлік миссиям», дейді ол.4

Бүгінде қазақ күресі еліміздің барлық өңірінде қарқынды дамып келеді. Ел бойынша 4 мыңға жуық үйірме, 160 мың спортшы және 2 мыңнан аса бапкер бар. Тіпті әлемнің 40-тан астам елінде федерациялар ашылып, халықаралық жарыстар тұрақты өткізіліп келеді.

Соңғы жылдары спорт ережелері халықаралық стандарттарға бейімделіп, ұлттық терминдер қайта жаңғырды. «Жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс» сияқты атаулар – ұлттық реңкті айқындап тұр. Қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, бейнеқайта қарау технологиясы төрешілік әділдігін арттырды.

2004–2025 жылдары аралығында қазақ күресінен 11 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, бірнеше Еуропа, Африка және Оңтүстік Америка біріншіліктері өтті. Кейбір мемлекеттерде мамандардың аздығы байқалғанымен, бұл мәселе бапкерлер даярлау арқылы шешіліп жатыр.

Жеңіс Биткөзов шәкірттерін «күш + техника + тактика» қағидатымен дайындайды. Оның айтуынша, спортшының табиғи күшін дамытып, техникалық сауатын ашып, соңында тактикалық ойлауын жетілдіру – жеңіске жетелейтін жол.

«Төрт басты қасиет – тәртіп, төзім, тактикалық ойлау және ұлттық рух. Жігер мен намыс болмаса, күш пен шеберліктің өзі жеткіліксіз», дейді жаттықтырушы.

Болашақта қазақ күресін Азия және Олимпиада ойындары бағдарламасынан көру – басты арман. «Қазақ балуандарының халықаралық рейтингтің көшін бастауы – жақын болашақтың мақсаты», дейді ол сеніммен.

Дәлдік пен сабыр мектебі

Ұлттық спорттың тағы бір айнасы – дәстүрлі садақ ату. Спорт шебері Айым Тілепберген бұл спортпен 2016 жылдан бері айналысады. Алғашында классикалық садақ атуға қызықса, кейін ұлттық нұсқасына бет бұрды.

«2019 жылы дәстүрлі садақ атуға келдім. Ол кезде бұл спорт ресми түрде танылмаған еді. Бірақ ұлттық мәдениетке деген қызығушылығым мені осы жолға жетеледі», дейді Айым Тілепберген.

Сол жылдан бастап жарыстарға қатысып, 2021 жылы Қырғызстандағы «Ильбирс» халықаралық турнирінде командалық есепте күміс жүлдегер атанды. 2022 жылы Көшпелілер ойындарында үздік 16 спортшы қатарына еніп, Жаңаөзенде өткен тұңғыш чемпионатында қола және алтын медаль иеленді.1

2022 жылы дәстүрлі садақ ату ресми ұлттық спорт түрі болып тіркелді. Бұл салада федерациялар құрылып, төрешілерді даярлау, халықаралық жарыстарға шығу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Спортшы үшін садақ ату – дене мен жанның үйлесімін талап ететін өнер: «Бұл спортта физикалық дайындық қана емес, психологиялық тұрақтылық та маңызды. Жарыс кезінде эмоцияға берілмеу – басты шарт», дейді ол.

Ол болашақта өзінің жеке садақ ату стилін қалыптастырып, ұлттық спорт саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді мақсат етеді.

Ұлттық спортың ортақ жеңісі

Қазақ күресі мен дәстүрлі садақ ату – бірі – күш пен тактиканың, бірі – дәлдік пен сабырдың символы. Екеуінің де басты жетістігі – ұлттық рухты сақтау және оны жаңа буынға жеткізу.

Спорт күні – тек кәсіби спортшылардың мерекесі емес. Бұл – ұлттық болмысымызды дәріптейтін, ел намысын қорғаған азаматтарды құрметтейтін күн. Қазақ балуандары мен мергендері бүгінгі жетістіктерімен болашаққа жол ашып, ұлттық спорттың биігін бағындырып келеді.