Бүгін әлемдік аренада көк байрағымызды көкке көтеріп жүрген спортшылардың мерекесі.
Яғни елде тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні деп бекітілген. Биыл мереке қарсаңында елдің барлық өңірінде 150-ге жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылады. Ал Астанада ардагерлер бас қосты. Спорттың шыңына шыққан жандардың тұңғыш республикалық форумы басталып, қоғамдық бірлестік құрылды. Бүгінгі қазақ спортының беталысы қалай?
Елде спорт ардагерлерінің тұңғыш республикалық форумы басталды. Іс-шараға заманында байрақты додаларда ел намысын абыроймен қорғап, әлемдік ареналарда көк туымызды желбіреткен жүзден аса спортшы жиналды. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ардагерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Жыл басынан бері спорт ардагерлеріне жүйелі қолдау көрсету бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Менің тапсырмам бойынша өңірлердегі барлық спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімін жасау басталды. Осы арқылы біз ардагерлерге қандай қолдау шараларын жүзеге асыруға болатынын анықтай аламыз. Алдағы уақытта әкімдіктермен, спорт федерацияларымен және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп қолдау тетігі қалыптасады.
Жиын қарсаңында спорт ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі құрылды.
Ермахан Ыбырайымов, Олимпиада чемпионы:
- Осы алқа ашылғанан кейін көптеген тренерлік семинарларға шақыратын болады. Көптеген оқу орындарына лекция оқитын боламыз. Осы жақсы бастаманы қолдап бәріміз жиналған болатынбыз.
Иә, спорттағы мақсат — төрткүл дүние көз тігетін, төрт жылда бiр рет алауы тұтанатын олимпиадаға шәкірт тәрбиелеу. Спорт ардагері Мәдіғали Қарсыбеков шорт тректен олимп шыңын бағындыруға шамамыз бар дейді.
Мәдіғали Қарсыбеков, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
- Бүгін ардагерлерді көріп әрең танып жатырмын. Соған өте қуаныштымын. Өзім құрамада әлі істеп жүрмін. Кеңесші болып. Келесі олимпиадада медаль алуға шамамыз бар. Ерлердің де, әйелдердің де деңгейлері жақсы көтерілді.
Шәкірт шыңға шығу үшін инфрақұрылым дұрыс болу керек. Ол бізде жоқ емес, бар. Елде былтыр 90 спорт нысаны салынды. Оның 61-і ауылдық жерлерде. Жыл басынан бері 32 нысан пайдалануға берілді. Енді осы жылдың аяғына қарай 70 нысан бой көтереді. Сондай-ақ президент тапсырмасына сәйкес әр ауыл футбол алаңымен қамтылады.
Мейрам Сапарғалиев, спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:
- Иә, футбол сұранысқа ие спорт түрлері арасында көш бастап тұр. Бүгінде 1 миллионнан аса адам доп тебеді. Олардың басым бөлігі ауылда тұрады.
Ернат Кеңесов, жаттықтырушы:
- Негізі болашақ футбол жұлдызы ауылда жүр. Ауыл баласының бойында намыс та бар, сергектік бар. Қазіргі қазақ футболына жетпейтін ең керекті нәрсе рухшыл, намысшыл балалар ауылда жүр.
Тұлпар мініп, қамшы ұстаған қазақ баласына футбол жат емес. Тіпті қарапайым ауылдан шыққан Мұхтар Әуезовтің де Семейдегі "Ярыш" футбол клубында доп тепкенін білеміз. Иә, жазушы болу да, футболшы болу да талантты қажет етеді. Ондай таланттар ауылда жүр. Енді солардың талабын ұштай алсақ игі.
Әлішер Әли