Дүкен иелері алкогольді сусын сатуды тоқтатқан.

Жақында Жалағаш ауданындағы Таң және Еңбек ауылдарының тұрғындары да бастама көтеріп, игі істі жалғастырды. Тәртібі түзу ауылдар туралы әріптесім тарқатып айтады.

Жалағаш ауданындағы Таң ауылы соңғы жылдары қайта түледі. Әлеуметтік нысандар, саябақтар мен инфрақұрылым жүйелері толық жаңартылды. Үлгілі ауылдың тұрғындары да игі бастамаға қолдау білдірді. Жергілікті дүкен иелері ішімдік сатуға рұқсат беретін лицензиядан бас тартты.

Асхат Әлімов, кәсіпкер:

- Аудан прокурорлары бар, аудан ақсақалдары бар, солардың айтуымен арақсыз ауыл болайық деп, лицензиямды тапсырғанмын. Арақсыз ауылды өз басым қолдаймын.

Жалғасбай Өмірбаев, Таң ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Елімізде бұрыннан да басбұзар, ажырасып жатқан, басқа қылмыстың түрі жоқ. Сонда да біз үлгілі ауыл болғаннан кейін, сырттан келетін қонақтарымыз болады, басқа да жағдайлар болады, соған байланысты үлгілілікті, сол тәртіпті одан әрі нығайтсақ деген ойда болдық.

Алкогольді сусындардан бас тартуға қатысты ауыл тұрғындары арасында сауалнама жүргізілген. Қатысушылардың 97 пайызы ауылда ішімдіктің сатылмауын қолдайды.

Талғат Бектұрсынов , Жалағаш ауданының прокуроры:

- Көп деген қылмыс мас күйінде жасалады. Әсіресе отбасылық тұрмыстық зомбылыққа қатысты қылмыстар, сосын жол-көлік оқиғалары. Осы бастамамызды тұрғындар қолдады, енді алдағы уақытта оның нәтижесін көрерміз.

Бірнеше ай бұрын аудандағы Еңбек ауылы да ішімдіктен бас тартты. Алдағы уақытта Есет батырлықтар да қосылуға ниет білдірген. Құзырлы органдардың мәліметі бойынша өңірде жиырмадан астам елді мекен алкогольді сусын сатуды тоқтатқан.

Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев