Испания үкіметі қорғаныс саласында робототехника мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланатын жаңа мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыра бастады.
Жыл соңына дейін жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық заң қабылданып, оны қадағалайтын арнайы агенттік құрылады. Қазірдің өзінде елде киберқауіпсіздік, кванттық есептеу және әскери жүйелерді дамытуға қомақты қаражат бөлінген.
Еуропалық Одақтың Франция, Германия, Италия сияқты жетекші мемлекеттері жасанды интеллект саласындағы ұлттық стратегияларын қабылдаған. Испания 2017 жылдың наурызында “Жасанды ақыл-ойды дамыту және дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясын” бекітті. Биыл ел билігі жасанды интеллект жетістіктерін қорғаныс саласына енгізуге кеңінен жол ашатын ұлттық заң жобасын мақұлдамақ. Жаңа реформа аясында теңіз флоты мен әуе күштеріне арналған автономды дрондар мен жасанды зерде басқаратын су аппараттарын сынақтан өткізу жоспарланып отыр.
Бернардо Кинтеро Рамирес, киберқауіпсіздік саласының маманы:
- Испания билігі әскери мамандарды виртуалды және жасанды интеллект негізіндегі заманауи оқу жүйесі арқылы дайындауды жоспарлап отыр. Бұл әдіс жауынгерлердің дайындық уақытын төрт есе қысқартуға және шығынды 60%-дан астам азайтуға мүмкіндік береді.
Мәселен, Испания қорғаныс жүйесінде F-110 фрегаттары бар: бұл соғыс кемесі - әуе, су беті және су астындағы қауіптерге қарсы күресте заманауи қару-жарақ жүйелерімен жабдықталған. Сонымен қатар S-80 субмариналары сияқты әртүрлі қару-жарақ, соның ішінде торпеда және зымырандармен жабдықталған заманауи кемелерін де ерекше атап өтуге болады. Жасанды интеллектпен толықтырылған кезде, бұл қару түрлерінің су астындағы жағдайларды талдау және болжау қабілеті артады, сүңгуір кемелердің техникалық әлеуеті жақсарады және жаудың әрекеттеріне алдын ала жауап беруге мүмкіндік береді.
Пабло Гонсалес Перес, ақпараттық қауіпсізік зерттеушісі:
- Бұл қару түрлері өз алдына мықты, бірақ жасанды интеллект енгізілгенде құны бірден бірнеше есеге өседі. ЖИ төрт негізгі артықшылық береді: мәліметтерді жылдам өңдеп шешім қабылдауды жеделдетеді, сенсор деректерін талдай отырып қауіптерді ерте анықтайды, техниканың жұмысын оңтайландырады, ал оқу жүйелері жауынгерлердің дайындық уақытын қысқартады.
Дегенмен, үкімет құрамындағы бірқатар партия қорғанысқа бөлінетін қаржыға қарсы: олар бұл қаражатты білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғауға жұмсаған дұрыс деп санайды. Мұндай саяси қарама-қайшылық реформаның жүзеге асуын және Заң жобасының қабылдануын қиындатуы мүмкін. Алайда премьер-министр Педро Санчес 2025 жылы қорғаныс пен қауіпсіздікке елдің ЖІӨ 2 пайызын, шамамен 33 млдр еуро бөлуге тапсырма берді. Бұл шешім парламент мақұлдауынсыз қабылданды және елдің қорғаныс шығынындағы ең ірі инвестиция. Бұған қоса жасанды интеллектіні дамытуға 150 миллион еуро көлемінде қосымша субсидия қарастырылмақ.
Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач