Ақтөбеде кәдеге аспай, қараусыз қалған аумақтар абаттандырылып, саябақтар салынып жатыр.
Биыл бірнеше қоғамдық демалыс орны халықтың игілігіне беріледі. Қазір жергілікті билік жекенің қолындағы игерусіз жатқан жерлерді қала меншігіне қайтарып жатыр. Соның жемісі осы. Саябақтардың құрылысына бюджет қаражатынан бөлек демеушілер де көмек қолын созған.
Әбілқайыр хан даңғылы мен Маресьев атындағы көшенің ортасындағы мына жер 10 жылдан бері қараусыз жатты. Жазда арам шөп қаулап, қыста қар үйіліп қаталын. Бір жағынан, темір шарбақпен қоршалған аумақ қаланың сәнін кетіріп тұрды.
Светлана Симоненко, қала тұрғыны:
- Қаланың байырғы тұрғындары бұл жерде ертеректе хоккей алаңы болғанын жақсы біледі. Студенттер спортпен шұғылданатын еді. Жүгіру жолақтары болды. Кейін біраз жылдар бойы қаралмай бос жатты. Саябақ салуға оңтайлы орын. Сондықтан осындай саябақтың ашылып жатқанына қуаныштымын.
Жекенің меншігінде болған жер телімін қайтару үшін әкімдік сотқа жүгінген. Сот қараусыз қалған аумақты қаланың меншігіне қайтарды. Нәтижесінде балалар мен ересектерге арналған қоғамдық демалыс орны ашылады.
Талғат Наурызов, қалалық ТҮКШ бөлімінің инспекторы:
- Екі гектар жер. Соның 30 сотоқ жекеде болған. Қазіргі таңджа жер толықтай қайтарылды. Қала меншігіне берілді. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың қазан айында толық аяқталып, халықтың игілігіне берілетін болады.
Жобаның басты талабы – қараусыз қалған жердегі ағаштарға зиян келтірмеу. Мердігер автоматты суару жүйесін жүргізіп, көгалға алма ағашы мен аққайың, емен, көк терек, шетен көшеттерін екті. Амфитеатр мен балалар ойын алаңы, жүгіру жолағы мен спорт құрылғылары салынады.
Павел Исаков, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл саябақ қоршалмайды. Төрт жағы түгел ашық болады. Орталық даңғылдан бұрылған жандар осындай шағын демалыс орнына тап болады. Көшенің шуынан шаршағанда жасыл желегі жайқалған көгалда тынығып алуға қолайлы.
Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 917 млн теңге бөлінді. Одан бөлек биыл облыс орталығында жаңадан 12 саябақ салынып жатыр. Қоғамдық демалыс орындарын абаттандыруға кәсіпкерлер демеушілік жасап, қаржы бөлген.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов