Былтыр әлемде қызмет бабы кезінде 927 медицина қызметкері қаза тапты.
Көбі қарулы қақтығыс жүріп жатқан аймақтарда бақилық болған. Бұл Қақтығыс жағдайында денсаулық сақтау қауіпсіздігі жөніндегі коалицияның ресми дерегі. Сарапшылар "дәрігерлерді қорғау үшін заңмен бірге қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Және қоғам олардың жұмысын бағалауды үйренуге тиіс", — дейді.
Соңғы жылдары дәрігердің қауіпсіздігіне төнген қатер соғыс майданында ғана емес, бейбіт елдерде де көбейді. Тіпті экономикасы шырқап тұрған АҚШ-тың өзінде медицина қызметкері қауіпті кәсіп иесі саналады. Бүгін осы елдің Пенсильвания штатында суық қару ұстаған қаскөй көршісін атып өлтіргеннен кейін, оқиға орнына келген полицей мен жедел жәрдем қызметкеріне оқ жаудырып, жаралады.
Кристофер Пэрис, Пенсильвания штаты полициясының комиссары:
- Жедел жәрдем көлігін тізгіндеген фельдшер күдіктіден қашып құтылмақ болып, жол жиегіне қарай бұрылады. Бірақ көлігі аударылып, жараланады. Қазір ауруханада емделіп жатыр.
MedicalEconomics платформасының соңғы дерегі бойынша АҚШ-та дәрігерлер мен мейірбикелердің 45 пайызы алдағы бір жылда жұмыстан кетуді қалайды. Мұның себебін жұмыс орнында зорлық-зомбылыққа жиі ұшырауымен түсіндірген. Мұндай жүгенсіздікті азайту үшін жергілікті билік заңды күшейтпек. Яғни ақ халаттыларға шабуылдағандар енді 20 жылға сотталуы мүмкін.
Қазір әлемнің бірқатар елінде ұрыс даласында еңбек етіп жатқан дәрігерлер көп. Бірақ өкініштісі олар ұрыс даласынан жараланғандарға көмек беру кезінде өздері де шабуылға ұшырайды.
ЦИТАТА:
Қақтығыс жағдайында денсаулық сақтау қауіпсіздігі жөніндегі коалицияның баяндамасы:
2024 жылы қарулы қақтығыс болған елдерде 3 мың 623 медицина қызметкеріне шабуыл жасалды. Бұл алдыңғы көрсеткішке қарағанда 15% көп. Шабуылдардың үштен бірі Газа секторында тіркелді.
Былтыр Еуропа елдерінде де медицина қызметкерлеріне шабуыл жиіледі. Мәселен, 2024 жылы Ұлыбританияда Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің әрбір жетінші қызметкері жұмыс орнында зорлық-зомбылыққа тап болған. Зардап шеккендердің саны 100 мыңнан асады. Бұл алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда 15 пайыз көп. Басым бөлігі нәсіліне байланысты шабуылға ұшырайтынын айтқан. Сондықтан сарапшылар салаға қатысты заңды қатаңдатып, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігігін күшейтуге шақырып отыр.
Зайнұр Байжігіт