Тарихта алғаш рет компьютер тоғызқұмалақ чемпиондарын жеңді. Бүгін Астанада тоғызқұмалақ шеберлері мен жасанды интеллект арасында ойын өттті.

Адамзат ақылы мен цифрлық алгоритм арасындағы зияткерлік бәсеке блиц форматында ұйымдастырылды. Жасанды жад тоғызқұмалақтан екі бірдей Әлем чемпионымен қатарынан екі ойын өткізді. Күрделі алгоритммен жұмыс істейтін интеллектуалды компьютерлік бағдарлама адамға қарағанда тез ойлап, шапшаң шешім шығаратынын дәлелдеді. Ең қызығы ол келесі жүрісін бір секундта бағамдайды, сондай-ақ келесі 12 жүрістің мүмкіндігі мен тәуекелдерін талдай алады. Тоғызқұмалақ федерациясы өкілдерінің сөзінше, ұлттық дәстүр мен технологияны тоғыстырған бұл жарыс Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған.

Асылхан Қожанәсіп, тоғызқұмалақтан Әлем чемпионы:

Жасанды интеллектпен ойын өте қиын болды. Өйткені ол біз сияқты эмоция, уайым дегенді білмейді. Ал бізде болмашы да болса қобалжу бар — бұл тарихи сәт қой: адамзат пен жасанды интеллект арасындағы алғашқы ойын. Ойынға небәрі 10 минут қана берілді. Ал мен классикалық шахматтан әлем чемпионымын, сондықтан жылдам ойнау маған біраз қиындық тудырды.

Нұрске Абылай, Жоғары технологиялық ЖИ-бағдарламасын әзірлеуші:

Екінші ойында жасанды интеллект әр жүрісіне небәрі бір-ақ секунд жұмсады. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бұған дейін де тоғызқұмалақтың компьютерлік нұсқалары болған, бірақ олар тек жаңадан үйреніп жүргендерге арналған еді. Ал менің жобам чемпиондарды қапы қалдырған жүйе. Блиц, рапид, классикалық болсын, кез келген форматта қарсылас талғамайды.

Нұрсұлтан Тілектес