Елде Президент бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда , деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, былтыр заман талабына сай келетін жаңа форматтағы 105 білім беру мекемесі қолданысқа берілсе, биыл тағы 112 мектептің құрылысы аяқталады. Білім ошақтары жыл өткен сайын түрлене түсуде. Мәселен, биыл қолданысқа берілетін мектептердің ғимараты бұрынғыларымен салыстырғанда 15-20%-ке үлкен. Әр мектепте робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтарының болуы талап етіледі. Бұндай білім ошақтары елорданың қарқынды дамып келе жатқан аудандарында да салынуда.

Риат Шони, тілші:

- Камила Бегалиева биыл отбасымен Өскеменнен Астанаға көшіп келген. Қазір 10-сыныпқа ауысқан қызын мектепке орналастырып жатыр. Тұрғылықты мекенжайы бойынша осы №117 мектепке қарайтындықтан, сол білім ошағына құжаттарын тапсырмақ.

Камила Бегалиева, Астана қаласының тұрғыны:

- Бұл мектеп жаңадан салынған. Сондықтан осы жерде білім алуды жөн көрдік. Негізі қызым Өскемен қаласында Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған болатын. Бірақ осы білім ұясы да одан еш кем емес секілді.

Елорданың Нұра ауданында бой көтерген №117 білім ошағы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Бұнда 90-ға жуық кабинет бар. Барлығы заман талаптарына сай жасақталған. Мектеп бір ауысымда 2000 оқушыны қабылдай алады. Қазір таңдау осы білім ұясына түскен ата-аналар балаларының құжаттарын белсенді түрде тапсырып жатыр. Осы күнге дейін 3200 оқушы өтініш беріп үлгерген екен.

Әсем Базарбаева, Астана қаласы №117 орта мектеп директорының орынбасары:

- Егер де бала саны 2000-нан асатын болса, екі ауысымда оқытылады. Спорт залы бұрын біреу ашылушы еді, қазір екеу. Акт залында бұрын 260 орын еді, қазір 420. Екі есеге үлкейтіліп жатыр.Педагогтар конкурстар бойынша жүргізіл жатыр, электронды түрде. Қазіргі таңда 80 педагог, кіші қызметкер 30 адам, педагогке 80 адамды алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары елордада 42 мың оқушыға шақталған 23 білім ошағын салу жоспарланған. Былтыр соның 16-сы оқушылардың игілігіне берілген. Бұл білім ұяларында робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары болу міндеттеледі. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне де баса мән берілген.

Сұлтан Иманжан, Астана қаласы білім басқармасы бөлімінің бас маманы:

- 2024 жылы біз 16 мектепті пайдалануға бердік. Қазіргі таңда 2025 жылға тағы 7 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Жаңа оқу жылына дейін ашу жоспарда. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Аталған білім беру ұйымдары бізде қаламызда қарқынды дамыған Нұра, Есіл аудандарында көптеп шоғырланған. 2024 жылы салынған мектептер бізде 6 үш ауысымды, 9 тығыздалған мектептердің мәселесін шешсе, биыл берілетін 7 мектепте тағы да 2 үш ауысымды және 7 тығыздалған мектептің мәселесін шешуге бағытталған.

Жалпы айта кету керек, елде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 білім беру мекемесін салу жоспарланған. Оның 105-і былтыр қолданысқа берілсе, 112 мектеп биыл тапсырылмақ. Осылайша, жаңа оқу жылында қосымша 206 мың оқушы орны беріледі деп күтіледі.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Серікұлы