Қазақ тазылары Финляндия астанасы Хельсинкиде өтетін WDS 2025 Дүниежүзілік ит көрмесіне аттанды. Қазақстан кинологтер одағының мүшелері, тазы қожайындары сапарға «Бәйтерек» монументінің алдынан жол тартты.
7–10 тамыз аралығында өтетін көрмеде Қазақ тазысы алғаш рет FCI мойындаған, халықаралық деңгейде танылған ит тұқымы ретінде ресми таныстырылады. Жол шалғай, ұйымдастырушылар шамамен 8 мың шақырым жолды еңсеріп, 5 күнде жетеміз деп отыр. Тазылар жарыстың алғашқы кезеңінен өтіп жатса, финалдық бәсекеге шығады. Көрмеде тазылардың өзін-өзі ұстауына, жүріс-тұрысына да мән береді. Жыл сайын көрмеге 100-ден астам ел 25 000-нан астам ит алып келетінін ескерсек, бәсеке барынша жоғары болатыны сөзсіз.
Көрмеге алып баратын тазылардың дайындығы туралы Қазақстан кинологтер одағының президенті Бауыржан Серікқалидан сұрадық.
– Тазылардың ішінде осалы жоқ, бәрі стандартқа сай. Олар кинологтер одағының ішкі іріктеу комиссиясының шешімімен анықталды. Жалпы, осындай ірі көрмелерге апаратын тазыларға талап қатаң. Еуропалық одақтың ветеринарлық талаптарынан өтудің өзі қиын. Келешекте осының барлығын елеп-ескеріп, ірі жарыстардың алдында іріктеу турнирлерін ұйымдастыру жоспарда бар. Осы жолы көрмеге апаратын тазылардың барлығы түрлі жарыстарда чемпион болған немесе жүлде алған. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Өскемен, Семейдің «Азат», «Тамерлан», «Сакура», «Пана», «Лашын», «Ару», «Көксерек», «Алтын» атты тазылар, – деді Б.Серікқали.
Көрме аясында «Қазақстан кинологтері одағы» қоғамдық бірлестігі қазақы тазы тұқымын ресми түрде халықаралық қауымдастыққа таныстырады. Бұл оқиғаны тазы тұқымының әлемдік тұсаукесері десек те болады. Қонақтар тазының шығу тарихы, экстерьерлік ерекшелігі мен аңшылық қабілеті туралы жан-жақты ақпарат алады.
Қазақы тазы мен төбетті қорғап, жаһанға таныту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асып келеді. Былтыр Халықаралық кинология одағы (FCI) қазақ тазысын бөлек тұқым ретінде «шартты түрде» тіркеді. Қазақы тазынының толық мойындалуына кемінде 10 жыл уақыт қажет. Осы аралықта бұл бағыттағы жұмысты жүйелі, табанды түрде жалғастыра беру керек.