Алматы облысында радардан жоғалып кеткен әскери тікұшақ төрт күннен бері іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Сорбұлақ су қоймасындағы іздеу жұмыстары әзірге нәтиже берген жоқ. Әскери техниканың бөлшектері табылған көлдің әр шаршы метрі тексеріліп жатыр. 13 қайық пен сүңгуірлер, сондай-ақ судың түбін барлайтын арнайы техника жұмылдырылған.
Сорбұлақты толық сүзіп шығу қиын болғандықтан, әскерилер тікұшақтың болжамды құлаған жерін анықтап, сол жерлерде сүңгуірлер әр шаршы метрді тексеріп жатыр. Іздеу жұмыстары тікұшақ табылғанға дейін тоқтамайды.
Іздестіру жұмыстары Сорбұлақ су қоймасының солтүстік бөлігінде жүріп жатыр. Еврокоптердің осы маңнан ұшып өткенін куәгерлердің бірі хабарлапты. Содан бері құтқарушылар мен сүңгуірлер дамыл табар емес. Әскери тікұшақты іздеуге 400-ден астам адам мен 150 техника жұмылдырылған. Ұшқышсыз ұшу аппараттары, эхолоттар мен қайықтар қолданылып жатыр. Әзірге әскери ұшақтың пластик қаптамаларының қалдығы ғана табылды.
Ербол Исманқұлов, ҚР ҚМ Әскери әуе күштері әскери бөлім командирінің орынбасары:
- Бұл жерде бізден басқа Қорғаныс министрлігінен басқа Төтенше жағдайлар министрлігі бар. Содан кейін ІІМ. Бірге бәрі жұмыс істеп жатыр. Ақтаудан теңізшілерден арнайы сүңгуірлер келді. 15 адам. Кешелі бері, бүгін екінші күн сол кісілер көрсетілген координаттар бойынша төменге түсіп, тікұшақтың бөлшектерін тауып, шығарып жатыр.
Әскери ұшақ радардан ғайып болды деген хабар тарағалы бері экипаж мүшелеренің жақындары алаңдаулы. Олар сенбіден бері су қоймасын жағалап жүр. Тағат таппаған туыстар әскерилердің жанында түнеп, жақындарының амандығын тілеп отыр.
Медет Ержігіт, EC-145 тікұшақ экипажының командирі:
- 26-сы таңнан бері осы жерде жүрміз. Осы құтқару жұмыстары жүріп жатыр, өз көзімізбен көріп жатырмыз. Бүкіл ТЖМ, авиация, Нұржігітпен жұмыс істеген офицерлердің барлығы аяғынан тік тұрып, осы жерде жүр, ешқайсысы үйіне қайтқан жоқ.
Сорбұлақ су қоймасының айдыны 85 шаршы шақырым. Тереңдігі 26 метрден асады. Алматының кәріз суы бірнеше рет тазартылған соң осында құйылады. Сондықтан балдыры көп, суы тұнық емес. Бұл құтқарушыларға кедергі жасап жатыр.
Ербол Исманқұлов, ҚР ҚМ Әскери әуе күштері әскери бөлім командирінің орынбасары:
- Біз осы көлді секторларға бөлдік те, сол секторлармен бөліп-бөліп, күнде тексеріп жатырмыз. Ихолотпен өтеді, бәрін қарап шығады. Енді шамамен тікұшақтың құлаған жерін білеміз ғой, сол жерді бөліп алып, сол шамамен 60% осы күнге дейін тексерілді.
Экипаж мүшелерінің туысқандарына ақпараттық және психологиялық көмек көрсетіліп отыр. EC-145 тікұшағының бортында болғандардың қай жерде екенін анықтау бойынша іздестіру операциясы әлі жалғасып жатыр. Жұмыстар күшейтілген режимде және тәулік бойы жүргізіліп жатыр.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев