Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолы, ойын және спорт алаңдарының құрылысы қарқын алды.

Мысалы Алматы ауданының өзінде тұрғындардың қалауымен 26 ифрақұрылымдық нысан салынады. Бұның бәрі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында атқарылып жатыр. Осы орайда биыл 78 жоба жүзеге асырылмақ.

Кеңес Нокин ауылында ойын алаңы тапшы болатын. Енді бұл проблема шешімін тапты. Тұрғындар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына атсалысып, өтініш берген.

Гүлсезім Ханәлиева, қала тұрғыны:

- Ойын алаңы керек балаларға әрине. Бұрынғы ойнайтын алаңдар темірден жасалған ғой. Қауіпті. Ескіріп кеткен. Барлығымыз жұмыла дауыс бердік осы жерге. Даусымыздың ескерілгеніне, үкіметтің біздің "ойын алаңы керек" деген кезде олар да мақұлдап келіскеніне әрине өте қуаныштымыз.

Дәл осындай балалар алаңы «Келешек» шағын ауданында да салынып жатыр. Жалпы Алматы ауданының өзінде биыл 10 ойын алаңы қолданысқа беріледі.

Мэлс Бекжанов, мердігер компанияның техникалық директоры:

- Ойын алаңдарына қойылатын кешендер сапалы пластиктен жасалған. Қар мен жаңбыр жауғанда баланың аяғы тайып кетпейді. Қауіпсіз сырғанақтар орнатылып жатыр. Алаңға резеңке жабынды төселеді. Мұның бәрі балалардың қауіпсіздігі үшін жасалып жатыр.

Бұдан бөлек 8 спорт алаңы мен 3 ауланы абаттандыру, 5 көшеге жаяу жүргінші жолын төсеу сияқты жұмыстар да «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қолға алынды. Билік өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың бұл бағдарламаға қызығушылығы жоғары.

Рүстем Өтешов, Алматы ауданының әкімі:

- Салыстырмалы түрде айтатын болсам, былтыр енді 2024 ж. 17 жоба іске асса, биылға 26 жоба. Ал енді келесі жылға жоспарлап отырғанымыз 47 жоба. Сондықтан қызғушылық халық тарапынан бар. Жоба өзінің нәтижесін көрсетуде.

Жалпы облыс орталығында биыл 78 жоба жүзеге асырылып жатыр. Халықтың қатысуымен бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінген. Мердігерлер қыркүйек айына дейін барлық нысанды тапсыруды көздейді.

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов