Цифрлық өнімдердің көбейгені құба-құп.

Алайда қоғамда күмәнді қаржылық ұйымдардың қатары да көбейгені жасырын емес. Мәселен, жыл басынан бері 40-тан астам қаржы пирамидасы анықталған. Одан 400-ден астам адам зардап шегіп, 700 миллион теңгеден аса қаражат қолды болған. Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған бұл инвестициялық ұйымдардарға ұрынбаудың амалы қандай? Олармен қалай күрес жүруде?

Сандық технологиялар дамыған тұста алаяқтық қылмыстардың саны күрт артты. Әп-сәтте қомақты табысқа кенелуді уәде еткен жарнамалар ақшадан тарыққан адамның назарын демде аударары сөзсіз. Өкінішке орай, мұндай алдамшы жарнамаларды миллиондаған аудиториясы бар блогерлердің өзі таратып жүр.

Гүлайым Антаева, заңгер:

- «Ең аз дегенде 20 миллион теңге болды. 500 миллионға дейін бар. Көптеген адам блогерлерге алданады. Ой мен осындай өмір сүремін, инвестиция жасадым дейді. Қарапайым халық өзі сенетін адамға сенгеннен кейін ғана еңбекпен тапқан қаражатын сеніп барып тапсырады».

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «2021 жылдан бастап 100-ге жуық пирамида таратылып, 86 мың салымшы зардап шекті. 37 миллиард теңге шығын келтірілді. 226 адам сотталды. Азаматтар жалғыз баспанасын сатып, несие алып, соңғы ақшасын алдамшы жобаларға салады. Бірақ уәде етілген табыс та, салған қаражат та қайтарылмайды».

Заңгердің сөзіне сенсек, жалған инвестициялық жобаларға алданған азаматтардың дені табысты, жеке кәсібі бар азаматтар. Қаржысын молайту мақсатында олардың көбі алаяқтарға алданып, опық жеп жатқан көрінеді.

Гүлайым Антаева, заңгер:

- «Қазіргі таңда маған келетін алтынға инвестиция салу дейді. Сосын күмәнді машиналарға инвестиция салу дейді. Егер сіздерге айтса, 40-50 пайызға дейін жоғарғы түрде табыс табамын дейтін болсаңыздар, сіздер бұл жерде күмәнданыңыздар. Алтынның қазіргі таңдағы нарықтық бағасы 21-40 мың теңге арасында. Қазір ақымақ адам жоқ шығар. 40 мың теңге алтынын 80 мың теңгеге сатып алатын. Ойлану керек».

Алаяқтар адамдарды алдап-арбаудың небір құйтырқы тәсілдерін қолдана бастаған. Мәселен, бүгінде азаматтарды кен өндіруші кәсіпорындарға инвестиция салуға үгіттейтін жарнамалар көп. Алаяқтар компаниялардың ресми сайттарын айнытпай көшіріп, жалған веб-сайттар ашып, азаматтарға бағалы металдар мен мұнай өндіруге инвестиция салуды ұсынады. Танымал компания атауларын көрген адамның күмәні сейіліп, белгісіз кәсіпорынға қомақты ақшасын салады. Алайда кейін арада байланыс үзіледі, қоңыраулар жауапсыз қалады. Сол кезде ғана салымшылар алданғандарын түсінеді.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Менің қолыма 18 азаматтың қолы қойылған ұжымдық арыз келіп түсті. Арызда келтірілген дерекке сәйкес, Алина Давлетова деген адам алаяқтыққа күдікті ретінде көрсетілген. Ол инстаграм және ватсап желілері арқылы «Трейдинг с нуля» деген атаумен офлайн оқыту курсын ұсынады. Нәтижесінде курсқа қатысқысы келген адамдар 300 мыңнан 500 мың теңге аралығында ақы жинаған. Арызда көрсетілген жалпы сома шамамен 8 миллион теңгеге жуық. Алайда қызмет көрсету туралы ешқандай шарт жасалмай, не оқу жоспары, не курстың куәландыратын сертификаты берілмеген».

Мұндай жағдайға түспес үшін нені білу керек? Алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

Ернар Тайжан, қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «Ең әуелі ол 30 пайыздан жоғары табыстың уәде етілуі. Екіншіден, жаңа қатысушыларды тарту міндеті. Яғни оның үстіне сыйақы уәде етіледі. Бұл жерде пирамидада жаңа адамды тарту басты шарттардың бірі. Үшіншіден, жарнаманың белсенді болуы. Яғни агрессивті маркетинг. Төртіншіден, компанияның тіркелмеуі немесе лицензияның болмауы».

Сондай-ақ құқықтық келісім-шарт пен міндеттеменің, фискалды чектің болмауы да көңілге күмән ұялатуы тиіс. Ал компания лицензиясының бар-жоғын тексеру үшін Қаржы нарығын реттеу агенттігінің «Байқа, пирамида» атты телеграмдағы чат ботына кіріп тексере аласыз. Қаржи пирамидасы деп танылған компаниялар тізімін агенттік сайтынан қарауға болады. Есіңізде болсын, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қарапайым азамат бағалы қағаздарды қор биржасында өз бетімен сатып не сата алмайды. Мұны тек арнайы лицензиясы бар, биржаның тікелей мүшесі ғана жүзеге асыруға құқылы.

Назым Қайрат, Қанат Махмұтов, Ғалымжан Абылахат