Пәкістандық кәсіпкерлер қазақ даласына 1 млрд доллардан астам инвестиция құюға бейіл. Сыртқы салым көлік логистика, агросектор, цифрландыру, ғылым-білім сынды салаларға бағытталады. Қазақ тарапы да бірлесе іс қылуға қарсы емес.
Меже орындалса, Қазақстан мен Пәкістан арасында 20-дан астам ортақ жоба жүзеге асады. Бұл жайлы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Пәкістанға жасаған ресми сапары аясында айтылды. Ал қазірдің өзінде қос тараптың қатысуымен бізде 240 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Пәкістан. Оңтүстік Азиядағы алып мемлекеттерді бірі. Мұнда 250 млн-ға жуық жан қоныстанған. Халық саны жағынан жер жүзінде бесінші орында. Сол себепті нарық үлкен, сұраныс сұрапыл. Қай өнімнің де өтімі жоғары. Мұндай мол мүмкіндіктен Қазақстан тарапы қапы қалғысы жоқ. Қазақ алаңы да пәкістандықтарға пайдалы. Қысқасы, екі елдің қатынасы қос тарапқа да тиімді.
Алдымен алыс-беріс көлемін айтайық. Биылғы алты айда тараптардың тауар айналымы 86,8 млн долларға жетті. Оның 55 млн-ы – экспорт. Бұл былтырмен салыстырғанда екі жарым есеге жоғары. Алда да көрсеткіш көлемі артады. Қос елдің өкілдері қатынасқа қарқын қосуға ниетті. Осы мақсатта сыртқы істер министрі бастаған қазақ делегациясы Пәкістан Астанасы Исламабад қаласына барды.
Пәкістан халқы қазақстандықтарды қуанышпен құшақ жая қарсы алды. Исламабадтың аптап ыстығы тәнді қыздырса, жергілікті жұрттың қонақжайлығы жанды жылытады. Бұл шырайлы ықылас көп ұзамай іскерлік ырғақта өрбіді. Әуелі үкімет мүшелерімен кездесу өтті. Артынша Пәкістан Президенті мен Премьер-министрі қазақ делегациясын қабылдады. Әрбір жүздесудің өз мәні бар, бірақ мақсаты ортақ. Ол – қос елдің байланысты бекемдей түсу.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Бұл — менің Пәкістанға жасап отырған алғашқы ресми сапарым. Біз өзара ықпалдастық пен әріптестік аясын кеңейтуге дайын екенімізді, сондай-ақ халықтарымыздың арасын бұрынғыдан да жақындата түсуге деген ынтамызды жеткізгіміз келеді. Бүгінде біздің серіктестігіміз де, сенімді достығымыз да терең әрі берік қалыптасқан. Кейінгі отыз жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келе жатқан мазмұнды саяси диалог өз жемісін беріп отыр. Біз бұл байланысты одан әрі де жалғастырғымыз келеді.
Бұл жолғы сапар сүбелі болды. Ең алдымен Сыртқы істер министрліктері арасында 2025-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Ал бизнес өкілдерімен бас-аяғы 20 астам жобаның жай жапсары пысықталды. Жоспар жүзеге асса, тараптардың тауар айналымы айтарлықтай өседі.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Негізгі мақсатымыз тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу. Қазіргі таңда үлкен келісімшарт дайындап жатырмыз. Бұл келісім шарт бізге көлік сауда жағынан мүмкіншіліктер береді. Тағы да басқа 40 астам тауар айналымы экспорттық потенциал 1 млрд қа дейін жеткізу үшін біз дайындадық. Енді мынау біздің вице-премьер, Сыртқы істер минист рінің сапарының шеңберінде біз нақты ірі компаниялармен жұмыс жобаларын талқылап нақты келісімшарттарға қол қоятын жол ашамыз.
Шалғайдағы шет мемлекетпен араны мыңдаған шақырым бөліп жатыр. Мұндайда тасымалдың тың тәсілін табу керек. Ал жауаптылар Пәкістан нарығына Ауғанстан арқылы өтуді ойлап отыр. Ол үшін Тургунди-Герат темір жолы салынады. Бұл жайлы кешегі жолдауда қазақ басшысы да баса айтқан еді. Меже орындалса, Ислам республикасымен қатар, Индия мен Африканың да ауылы жақындай түседі.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитеті төрағасы:
- Бізде инвестицияны дамыту саласында логистикалық жолдарды құру және Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымына пәкістандық тараптың қаржы салу ниеті бар. Бұл арқылы біз Транскаспий магистралін дамытатын боламыз, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын дәліз де дамитын болады. Мұның біз екі жолын қарастырып отырмыз, біріншіден теңіз арқылы жол ашуға болады және құрлық арқылы теміржолды дамытуға болады.
Мұрат Нұртілеу пәкістандық кәсіпкерлермен де кездесті. Кездесуде шетелдік бизнес өкілдері қазақ даласына инвестиция құюға ниетті екенін білдірді. Айталық, бұған дейін мұндай бас қосу былтыр Карачи қаласында өткен еді. Келелі кездесуде 170 млн доллар болатын 3 ірі құжатқа қол қойылды. Бұл жолғы жүздесу де сол бастамалардың жалғасы іспетті.
Ирфан Хан, Fauji Foundation компаниясының өкілі:
- Бұл – бірінші бас қосуымыз емес. Бұған дейін де бірнеше ай бұрын ресми делегациямен жолығып, бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық жайын талқылаған болатынбыз. Алда азық-түлік, тау-кен ісі, цифрландыру, көлік-логистика байланыстарын жақсарту сынды бағыттарда бірігіп кәсіп жасауға ниеттіміз. Бүгінгі отырыс барысында да осыны талқыладық.
Шернияз Жалғасбекұлы:
- Тараптар білім беру ісін де бірігіп ілгерлетуге бейіл. Қазір қазақстандық жоғары оқу орындарында 1,3 мыңнан астам пәкістандық студент оқып жатыр. Олар: «Қазақстан – менің екінші отаным», — дейді. Осындай ұранмен қос елдің қатысуымен қауымдастық та құрылған еді. Демек арада арба мен дорбадан бөлек, әлеуметтік байланыс белең алады деген сөз.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов