Семейлік суретші әрі журналист Руслан Шақабаевтың жеке көрмесі ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Экспозицияға графика техникасында салынған 30 туынды қойылды. Олар арнайы крафт-қағазға жұмсақ ағылшын қарындаштарымен салынған. Автор өз еңбектерінде XIX ғасырда көпестер салған үйлер мен XX ғасырдың басында бой көтерген тарихи ғимараттарды бейнелеген. Көрме ескі Семейдің тыныс-тіршілігіне саяхат жасағандай әсер қалдырады.
Руслан Шақабаев, суретші:
- Көрме «Ескі Семей» деп аталады. Себебі мұнда 100-150 жыл бұрынғы көне қала бейнеленген. Бұл үйлер маған бала кезден таныс. Қазір көп үй сүріліп, орнына жаңалары салынып жатыр. Мен жай сурет салып қоймай, әр ғимараттың тарихын зерттеймін.
Замира Игілікова, Астана қаласының тұрғыны:
- Семейге алғаш рет келдім. Қаламен таныстығым Достоевский мұражайынан басталғаны мен үшін ерекше сәт. Руслан Шақабаевтың көрмесін тамашалап, қаланың тарихына шын мәнінде тәнті болдым.