Маусым айында пойыздар 1 млн 200 мыңнан астам жолаушыны тасымалдады .
«Жолаушылар тасымалы» компаниясының хабарлауынша, осынша қазақстандық 112 бағыт бойынша сапарлаған. Жаз мезгілі болған соң дәстүрлі түрде туристік аймақтарға жүретін пойыздарға сұраныс артты. Бурабай курорты бағытына электр пойыздарымен 19 мыңға жуық жолаушы қатынады. Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл демалыс аймағына 13 мың адам саяхаттап барған. Қазақстан темір жолы демалыс маусымында жолаушылар легін тиімді ұйымдастыру үшін сұраныс басым бағыттарға қосымша пойыздарды іске қосты. Қазір бұл қосымша рейстер Алакөл, Балқаш және Бурабай бағыттарына қатынап жатыр. Сонымен қатар ертеңнен бастап, Ақтөбе мен Астана қалалары арасында қосымша пойыздар жолға шығады. Пойыз қозғалысы туралы толық ақпаратты 1433 тегін байланыс орталығынан алуға болады.