Еуропада адам да, жан-жануарлар да шөлден қаталап, ыстыққа шыдай алмай жатыр.

Қорық, зообақтардағы тіршілік иелеріне мұндайда ерекше күтім қажет.

Жануарларды ыстықтан қорғау амалдары

Косово

Балқан түбегінде сынап бағанасы Цельсий бағамы бойынша +40 градустан түспей тұр. Мұндай ыстыққа адам түгіл жануарлар да шыдас берер емес. Қазір Косоводағы қорықтардағы аюларды ми қайнатар ыстықтан қорғау үшін мұздатылған тағамдармен қоректендіруде. Алма, қарбыз, сәбіз жидектің түр-түрін қатырып сергітетін тіскебасарлар әзірлеп қойған. Тіпті жануарлар шомылу үшін арнайы бассейндер суға толтырылған. Әрі сағат сайын мамандар салқын су шашады. Мұндай қарапайым шаралар жануарлар үшін маңызды дейді, мамандар. Айта кеткен жөн, бұл қорық Халықаралық Four Paws ұйымының бақылауында. Қазір мұнда 18 жыртқыш аю қорғауға алынған.

Стивен Маркс, Клемсон Университеті ветеринарлық медицина колледжінің негізін қалаушы:

- Күннің ыстығына жануарлар да шыдамайды. Өйткені оларда темір жетіспейді. Сондықтан ыстықтан тыныс алуы қиындап, жиі шөл қысады. Мұндай кезде жануарлар мазасызданып, өзін қоярға жер таппай қояды. Сондықтан, әр қимылын бақылап отыру керек.

Масалар адамды таңдап шағады

Жазды күні жәндіктерден сақтанбаса болмайды. Әсіресе маса, ара, сона, кене сияқты жәндіктер адам үшін қауіпті. Мамандар олардан қорғанудың бірнеше жолын айтады. Соның ең қарапайымы ұзын жеңді, жабық, ақ түсті киім кию. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, масалар әдетте қою түсті киімді ұнататын көрінеді. Оның сыры қанық түстер жылуды көбірек бөледі. Демек, жылу масалар үшін ең маңызды фактор. Сондай-ақ масалар жүкті әйелдер мен тершең адамдарды жиі шағады. Өйткені олардың дене температурасы әлдеқайда жоғары болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, маса арқылы таралатын аурулардан жыл сайын шамамен 725 000 адам көз жұмады.

Эрик Бенсон, энтомолог:

- Бір қызығы, масалар адамдардың бәрін бірдей шақпайды. Қан тобына байланысты таңдайды. Бұл тұжырым зерттеу жұмысымыздың ең қызық бөлігі болды. Мәселен, масалар көбіне қан тобы бірінші топтағы адамдарды шағуға бейім келеді.