Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова елімізде ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерін арттыру бойынша Үкіметтің жоспарын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысы аясында министр 2024 жылы Еңбек министрлігі алғаш рет ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін бекіткенін айтты. Бұл әдістеме еңбек өнімділігін, нарықтағы медианалық жалақыны және инфляция деңгейін ескереді.

"Қазіргі уақытта бірнеше институт еңбек өнімділігі, медианалық жалақы бойынша өңірлік және салалық бөліністе нақты көрсеткіштерді қамтамасыз ету мақсатында зерттеулер жүргізіп жатыр. Осы деректер ЕТЖ-ні есептеудің негізіне алынады", – деп түсіндірді Жақыпова.

Министрдің айтуынша, нақты сандар зерттеулер аяқталғаннан кейін белгілі болады.

"Зерттеулерді жыл аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕТЖ мөлшерін арттыру үшін", – деп түйіндеді ол.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget