Қазақстанда туберкулёзбен күрес жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы жылдары елімізде аталған сырқат бойынша көрсеткіштердің біртіндеп төмендеуі байқалғанымен, дәрігерлер сақтықты бәсеңдетпеу керектігін айтады. Осы орайда Астанадағы №8 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері Аружан Ерсайынмен және осы емхананың физиатр дәрігері Азамат Асылбекұлымен туберкулёз дертінің қазіргі ахуалы, алдын алу және емдеу жолдары туралы әңгімелескен едік, деп жазады Egemen.kz.
Дәрігерлердің айтуынша, қоғамда туберкулёзге қатысты қате түсініктер әлі де бар. Соның бірі – бұл дерт емделмейді деген пікір. Мұндай пікірді қазіргі уақытта заманауи медицина мүмкіндіктері теріске шығарып отыр. Яғни, туберкулёз сырқатының алдын алуға да, толық емдеуге де болады, Туберкулёз – жұқпалы болғанымен, дер кезінде анықталып, толық ем қабылданса, жазылатын ауру. Алайда, кешігу және ем алуды үзу дерттің асқынуына және дәріге төзімді түрлерінің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Микобактерия туберкулёзі (МБТ) тудыратын инфекциялық сырқат түрі туберкулёз – көбіне өкпеге әсер етеді, бірақ өкпе сырты (внелегочный) туберкулёз де болады. Бұл дерт – жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлескенде адамнан адамға ауамен таралатыны мәлім. Осы тұста айта кетейік, адамның жұқтыруы үшін микобактерияның аз мөлшері жеткілікті екен. Науқас егер микобактерия шығарып отырса және ондай адаммен байланыс ұзақ әрі жиі болса жұқтыру қаупі неғұрлым жоғары болады. Жұқтыру қаупі әсіресе адамдар көп жиналатын тығыз және ылғалды әрі нашар желдетілетін бөлмелерде жоғарылайды.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігі туберкулёзден болатын өлім-жітім 10%-ға азайғаны туралы хабарлады.
№8 қалалық емхананың салауатты өмір салты дәрігері Аружан Ерсайынның айтуынша, иммундық жүйе әлсірегенде адам туберкулёзді оңай жұқтырады. Ал, иммундық жүйенің әлсіреуіне – темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, созылмалы аурулар (түрлі қабынулар, қант диабеті, ЖИТС-инфекциясы және т.б.), созылмалы улану (мысалы, алкоголь, есірткі қолдану), тұрақты стресс (физикалық және психикалық шамадан тыс жүктемелер) секілді бірнеше факторлар себеп болуы мүмкін.
«Науқас адамның қақырығында микобактерия болса, инфекция айналаға тарайды. Тіпті ол жөтелмесе де, онымен қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық маска тағу, адам көп жиналатын орындарға (қоғамдық көлік, кинотеатр, дәмхана, т.б) бармау сияқты талаптарды сақтауға тиіс. Өкпе туберкулёзінің негізгі симптомы – жөтелдің 2 аптадан астам уақытқа созылуы. Ал, қосымша белгілер ретінде – салмақ жоғалту, терлеу, кеуде тұсының ауырсынуы, жалпы әлсіздік және тез шаршау, дене температурасының ұзақ уақыт көтеріліп тұруын айтуға болады», дейді А. Ерсайын.
Оның сөзінше, бұл белгілер кейде бірнеше ай бойы жеңіл формада көрінуі мүмкін. Ауыр асқынулардың алдын алу үшін және өзіңізді, жақындарыңызды қорғау мақсатында туберкулёздің белгілері пайда болған жағдайда адам мүмкіндігінше тезірек тексеруден өтуі керек. Мұны тұрғылықты жердегі емханада немесе фтизиопульмонология орталығында жасауға болады. Қазақстанда туберкулёзге тексеру тегін түрде жүзеге асады.
«Егер сізбен бірге тұратын немесе жиі байланыста болатын адамның туберкулёз белгілері байқалса, сізге де тексеруден өту қажет. Симптом болмаса да, сіз тәуекел тобында боласыз. Сондықтан міндетті түрде қақырықты тексеріп, онда микобактерия туберкулёзінің бар-жоғын анықтап, кеуде қуысының рентгенографиясын жүргізу қажет», деді ол.
Сондай-ақ Аружан Ерболқызы латентті туберкулёз туралы айтып өтті.
«Латентті туберкулёз дегеніміз адам микобактерия туберкулёзін жұқтырған, бірақ әлі ауырып көрмеген және басқа адамдарға жұқтыра алмайтын жағдай. Иммундық жүйе туберкулёз бактерияларын бақылауда ұстап, олардың дамуына мүмкіндік бермейді.
Латентті туберкулёзді анықтау үшін туберкулин сынамалары қолданылады (мысалы, Манту сынамасы) – микобактерия туберкулёзінен алынған қауіпсіз зат – туберкулинді тері астына енгізіп, ине орнындағы реакцияны бақылайды», деді А. Ерсайын.
А. Ерболқызының айтуынша, сонымен қатар, жағдайға байланысты басқа тесттер де қолданылады. Мысалы: Диаскин-тест, Квантиферон тесті, Т-SPOT TB, Альтернативті әдістер: гамма-интерферонды анықтау (ағылшын тілінен IGRA) және ELISPOT. Барлық осы тесттер латентті туберкулёзді инфекцияны анықтауға көмектеседі және адамға профилактикалық ем тағайындалады. Бұл емнің мақсаты – активті туберкулёздің дамуына жол бермеу.
«Ең бастысы біздің мақсатымыз – туберкулёздің алдын алу, ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолдарын қарастыру», деп түйіндеді Аружан Ерсайын.
Айта кеткен жөн, аталған емханада туберкулёз бойынша науқастар саны, аурушаңдық пен таралу көрсеткіші жылдан жылға төмендеп келеді. Мұндай нәтиже – профилактикалық алдын алу шараларына көп күш енгізудің арқасында деуге болады.
Туберкулёз түпкілікті жойыла ма?
№8 қалалық емхананың физиатр дәрігері Азамат Асылбекұлының айтуынша, қазіргі таңда туберкулёзбен көбіне егде жастағы кісілер ауырады. Өйткені егде кісілерде иммунитет сәл де болсын төмен болғандықтан сырқатқа қарсы тұру күші өте төмен болады.
А. Асылбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта аталған емханада туберкулёздің алдын алудың және оны бастапқы сатыларда анықтаудың «Дженэксперт» деген керемет заманауи әдісі бар.
«Пациенттер көбіне қақырық тапсырады, сол кезде «Дженэксперт» полимеразды тізбекті реакция әдісі арқылы анықтайды. Бұл дегеніміз қақырықтың ішінен туберкулёздің ДНҚ-сын анықтайтын молекулярлық-генетикалық әдіс, 2 сағат ішінде нәтижесін беретін тез, ауқымды және ақпаратты әдіс», деді физиатр дәрігер.
Физиатр дәрігер емдеу курстары әрбір пациенттің туберкулёз формасына байланысты екенін атап өтті.
«Пациентті емдеу алдында тест жүргізіліп, туберкулёздің формасы анықталады. Соған байланысты курс белгіленеді. Мысалы, 4, 6, 9 айлық курстар бар және ең ұзақ 18 айлық курс. Егер науқастар ем алуды бастапқы кезде, ортасында, соңғы тұсында үзетін болса, мұндай жағдайда туберкулёз 1 жылдан кейін, 5 жылдан кейін, 10 жылдан кейін қайтадан сырқаттануға әкеледі және ағзадағы туберкулёз таяқшаларының толық жойылмауына себеп болады. Бұл дегеніміз – жақындарына, әріптестеріне және қоршаған ортаға жұғу қаупін туғызады», деді физиатр дәрігер.
А. Асылбекұлының айтуынша, туберкулёздің бас препараттарының бірі – «рифампицинге сезімтал» деген формасы, яғни, туберкулёздің дәріге төзімді деген нұсқасы осы. Егер «Дженэксперт» тесті өткізілген кезде нәтижесі рифампицинге төзімді болған жағдайда бұл «туберкулездің төзімді формасы» деп аталады. Егер мұндай нұсқа анықталса, емнің уақыты ұзарады және басқа препараттар қолданылады.
«Туберкулезге қарсы емнің уақыты созылған жағдайларда (6, 9, 18 ай) кейбір науқастар (барлығы емес) күнде дәрі қабылдаудан шаршайды. «Дәріні бір күн ішем, екі күн ішпеймін, төртінші күні ішем, бесінші-алтыншы күні ішпеймін» деген жағдайлар да болады. Бұл дегеніміз – туберкулёздің толық сауықпауына соғып, төзімді формаға ауысуына апаруы ықтимал», деді ол.
Оның айтуынша, туберкулёздің таралуы әлеуметтік факторларға да байланысты. Яғни, тұрмыстық жағдаяттар, қате тамақтану түрлері, стресстер, бұның барлығы иммунитетті төмендетуі мүмкін. Ал иммунитет төмендеп ағза әлсіреген кезде, туберкулёздің жұғу қаупі өте жоғары болады.
«Біздің қоғамда осы туберкулёзбен ауыратын пациенттерге қатысты «стигма, дискриминация» бар, аталған жағдайдағы көзқарас кең таралған. Кейбір адамдар науқастардан шеттеп, олардың әлеуметтік оқшаулау жағдайын туғызады. Бұлар – қарапайым адамдар, ешкім бұндай жағдайда қорғалмаған. Қазақстанда бүкіл туберкулёзге қарсы хаттамалар бойынша туберкулёз ауруының ашық түрлерінің барлығы тубдиспансер, фтизиопульмонология орталықтарында стационарлық жағдайда емделеді. Ал әрі қарай пациенттер жабық формаға ауысқан кезде, барлығы тұрғылықты амбулаторлы емханаларда емделеді. Ондай пациенттер қоғамға ешқандай эпидемиялық қауіп төндірмейді. Сол себепті біз өзіміз санамызды өзгерткеніміз жөн», дейді Азамат Асылбекұлы.
Туберкулёзді емдеудің тың әдісі
Түйіндей айтқанда, туберкулёз – үкім емес. Ерте диагностика, толыққанды ем және дәрігер кеңесін қатаң сақтау арқылы бұл дерттен толық айығуға болады. Әйтсе де оның алдын алу, халықтың сауаттылығы мен жауапкершілігі маңызды рөл атқарады. Уақытында тексерілу – денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы. Туберкулёздің тіпті дәріге төзімді түрін де жеңуге болады. Кейде адамға өте ауыр болып, үміті үзілуі мүмкін, мұндай мезеттерде науқастың жақындарының қолдауы өте маңызды. Сондай-ақ науқасқа қолдау көрсетуге дәрігерлер, мейірбикелер, қоғамдық ұйым қызметкерлері және ауруханада танысқан жандар әрдайым әзір екенін еске салу артық емес.