Құлсарыда жанар-жағармай құю бекетіндегі өрт пен жарылыстан зардап шеккен 6 адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов және ТЖД өкілдері Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттен зардап шеккендердің жағдайын білді.

Оқиғадан жалпы саны 16 адам зардап шекті. 31 мамырдағы жағдай бойынша 5 азамат аудандық ауруханада жатыр. Алты адам амбулаториялық ем алу үшін үйлеріне жіберілді. Сонымен қатар үш науқас облыстық ауруханаға ауыстырылды.

⁠Ауруханадағы медициналық көмек көрсетіліп жатқан пациенттердің жасы —25-75 аралығында. Олардың күйік шалу көрсеткіші 5-22 пайыз арасында. Пациенттердің жағдайы —тұрақты. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ,- деді Жылыой аудандық ауруханасының директоры Асулан Абдрахманов.

Атырау облысы әкімінің тапсырмасымен 30 мамыр күні Атырау қаласынан Құлсарыға 4 дәрігер жіберілді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің болжамынша, жарылыс газ таситын жүк көлігінен резервуарға автогаз құйылып жатқан уақытта болған. Салдарынан екі ғимарат өртенді. Қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды.

⁠Қазіргі уақытта өрттің себебін анықтау мақсатында департаменттен үш, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен тағы үш маман оқиға болған жерде жұмыс істеуде, — деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нариман Өтешов.

Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 адам, 17 техника жұмылдырылды. 21:47 -де өрт толығымен сөндірілді.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және жергілікті атқарушы орган өкілдері өрт салдарынан қайтыс болған 2 азаматтың үйіне барып,туған-туыстарына көңіл айтты. Жылыой әкімдігі тарапынан аталған жанұяға қажетті көмек көрсетіледі.

Еске салсақ, 30 мамырда Құлсарыдағы «Ниет» жанар-жағармай құю бекетінде өрт пен жарылыс болған еді.