Бұл — Атырау облысы Құлсары қаласында газ құю бекетінде болған жарылыстан көрініс. Зардап шеккендердің саны 16-ға жетті . Оның екеуі қайтыс болды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, көз жұмған екі азамат ерлі-зайыптылар. Бірі жүк көлігінің жүргізушісі, бірі жанармай құю бекетінде есепші боп жұмыс істеген. Облыс әкімі болған оқиғаға қатысты жедел штаб отырысын өткізіп, зардап шеккендерге қажетті көмек толық көрсетілетінін айтты. Өрт кеше кешкі сағат он шамасында толық өшірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға 81 маман мен 17 техника жұмылдырылды.

Нұрлыбек Қатапов, Облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару бөлімі бастығының орынбасары:

Болжам бойынша газ резервуарына газ тасушы автокөлік газ құю кезінде жарылыс пайда болған. Мамандар қазіргі уақытта жұмыстарын атқарып жатыр толықтай қайдан шыққаны бойынша.

Оқиғаға қатысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, кешенді тергеу амалдарын бастады. Ал ауруханада ем қабылдаған 6 азамат үйіне жіберіліп, амбулаториялық бақылауға алынды. Қалған 8 адам дәрігерлердің жіті қадағалауында. Зардап шеккендердің үлкені 75 жаста болса, ең кішісі 2 жастағы бала.

Асулан Абдрахманов, Жылыой аудандық ауруханасының директоры:

Үш науқасты облыстық ауруханаға дәрігерлермен ақылдаса отырып тасымалдау жүзеге асты. Іште жатқан науқастардың ең жоғарғы күйік дәрежесі 22 пайыз, ең төменгісі 5 пайыз. Қазір олардың денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Нұрсұлтан Нұрсейіт