Алматыда 1 маусымда "Алматы жастары" бағдарламасына өтініш қабылдау басталады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өтініш қашан қабылданады?
Қала әкімдігі мәліметінше, өтініш қабылдау биыл 1-15 маусым аралығында өтеді. Өтінішті kezekte.kz порталындағы "Тұрғын үй сервистері" бөлімінде орналасқан Almaty Jastary сервисі арқылы 1 маусым сағат 09:00-ден бастап 15 маусым сағат 18:00-ге дейін жолдауға болады. Жүйеге кіру үшін электрон цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Бағдарлама аясында қатысушыларға мынадай шарттар ұсынылады:
- несие көлемі 20 миллион теңгеге дейін;
- жылдық мөлшерлеме — 5%;
- бастапқы жарна — 10%;
- бастапқы және қайталама нарықтан баспана сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Жобаға Алматы қаласында тұратын 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:
- Алматы қаласында кемінде бір жыл тұрақты тіркеуде болу;
- кейінгі бес жылда үміткердің және оның отбасы мүшелерінің атында үй болмауы;
- Алматыда кемінде алты ай ресми жұмыс өтілі мен міндетті зейнетақы аударымы болуы.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт салаларының қызметкерлеріне, ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандарына, журналистерге, әлеуметтік сала өкілдеріне, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ, "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушыларына арналған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз