Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Орал қаласында лицензиясыз микроқаржылық қызмет көрсеткен тұлғалар тобына қатысты тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күдіктілер соңғы бес жыл ішінде «Жылдам ақша» деген атаумен кеңінен таралған филиалдар желісі арқылы азаматтармен 1,5 млрд теңгеден асатын сомаға микроқаржы келісімшарттарын жасасқан. Несие шарттарында пайыздық мөлшерлеме ашық көрсетілмей, ол бөлек келісім арқылы «кеңес беру қызметі» түрінде рәсімделіп отырған. Бұл қызметтер күдіктілердің туыстарына тіркелген, өздерімен байланысы бар ЖШС арқылы көрсетілген.
«Қарыз алушылар күнсайын 1,5% төлеуге мәжбүр болған, бұл заңмен белгіленген шекті мөлшерлемеден 0,3% яғни бес есеге артық. Аталған заңсыз микроқаржы ұйымы арқылы 47 мыңнан астам қарыз жоғары пайызбен берілген», делінген хабарламада.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз табыстың жалпы көлемі 917 млн теңгені құраған. Тергеу аясында соттың санкциясымен күдіктілердің өндірістік және коммерциялық нысандары мен бір пәтеріне тыйым салынған.
Тергеу жалғасып жатыр.