Күдікті бұрын шартты түрде сотталған.


Орал қаласында 21 жастағы жас жігітті ұзақ уақыт бойы бопсалап келген күдікті полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде қолға түсті. Ол көлікте келе жатқан сәтінде ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды ПД баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, 24 жастағы күдікті өзінен кіші жігітті жүйелі түрде қорқытып, одан ақша бопсалап отырған. Тергеу барысында оның жәбірленушінің атына бірнеше рет несие рәсімдетіп, алынған қаражатты өз пайдасына жаратқаны анықталған.

"Күдікті 21 жастағы жігіттен жалпы сомасы 4 миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар күдіктінің ұсталған күні оның басқа қылмыстық іс бойынша шартты түрде сотталғаны белгілі болды. Осылайша, бір іс бойынша үкімі шыққан азамат екінші қылмыстық істің фигурантына айналды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Оқи отырыңыз: Жетісуда 11 жылқыны айдап алып кеткен қылмыстық топ ұсталды