Ол қазақша сұхбат бергісі келетінін де жасырмады.


Спортшы Софья Самоделкина мұны қазақ еліне деген құрметі санайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ресейде туып, бүгінде Қазақстан намысын қорғайтын мәнерлеп сырғанаушы бұл туралы Sports.ru порталына берген сұхбатында айтқан.

– Қазақ тілін үйренгім келеді. Бұған дейін де талпынып көрдім, бірақ ол кезде мұғалім болмады, өз бетімше үйрену қиынға соқты. Қазір көбіне ағылшын тілді ортада жүргендіктен, екі тілді қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен, Қазақстанға келген сайын қазақша қарапайым сөздерді айтуға тырысамын: амандасу, алғыс айту, тұрмыстық сұрақтар қою. Кейде адамдар маған толық қазақша жауап беріп кетеді. Сонда тілді әлі үйреніп жатқанымды айтып, кешірім сұрауға тура келеді, – деп қоса кетті ол.

Софья Самоделкина қазақ тілін тез меңгеріп кететініні сенімді.

– Қазақ тілін үйрену жоспарымда бар. Тілді тез меңгеремін деп ойлаймын, тек жақсы ұстаз табу керек. Қазақша ең болмаса, базалық деңгейде сөйлегім келеді. Бұл – елге деген құрмет әрі бір күні жарыстан кейін қазақ тілінде сұхбат беру мен үшін үлкен қуаныш болар еді, – деп ағынан жарылды спортшы.

Жаза кеткен жөн, өткен маусымда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Жапонияның Осака қаласында өткен Гран-при кезеңінде күміс жүлдемен күптелді. Сонымен қатар, Миландағы қысқы Олимпиадада үздік ондықта төбе көрсетіп, Қазақстан мәнерлеп сырғанау (әйелдер) тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді.