Елордада «Астана жастары» ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «AulaFest» жобасының есеп беру концерті өтті.
Шарада жыл бойы әлемдік, республикалық, қалалық деңгейдегі жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен жасөспірімдер марапатталды. Бұдан бөлек, аула клубтары мен үйірме жетекшілеріне, бапкерлерге алғыс хаттар табысталды.
Елордада он аула клубы бар. Жоба 2014 жылы қолға алынған. Бүгінде 2,5 мыңнан астам бала каратэ, таэквондо, гір спорты, тоғызқұмалақ, шахмат, сурет салу сынды бағыттар бойынша түрлі секцияларға қатысады. Шарада оның 170-і марапатталды.
Анара Мұрзабаева, «Астана жастары» ресурстық орталығының Медиа және PR бөлімінің басшысы:
- Осы тәрбиеленушілердің нәтижелерін, жетістіктерін ұлықтау мақсатында концерт ұйымдастырып отырмыз. Бұл жәй ғана концерт емес, бұл жетекшілердің еңбегін бағалау, үздік спортшыларды, үздік суретшілерді бағалау. Жасөспірімдерді салауатты өмір салтына баулу, салауатты өмір салтын насихаттау, шығармашыл жастарды тәрбиелеу. Тренерлар бар, жетекшілер бар, үздік суретшілер бар, әлемдік, республикалық, қалалық деңгейде орын алған спортшыларымыз бар.
Ақжол аула клубында 90-ға тарта бала бар. Бүгін оның үздік деп танылған алтауы марапатқа ие болды.
Айнұр Қалабаева, «Ақжол» аула клубының жетекшісі:
- Біздің клуб екі бағытта жұмыс істейді. Біреуі спорттық, екіншісі шығармашылық. Бізде спорттық шахмат, шашки дойбыдан бізде балаларымыз әлем чемпионы болып келіп жатыр. Алтын, күміс медальдарды қанжығаларына байлап келіп жатыр. Бізде тоғызқұмалақ бар. Колумбия еліне барып, орын алып келіп жатқан балаларымыз бар.
Расул Мақсұт қоян-қолтық ұрыс пен панкратионнан спорт шеберлігіне үміткер. Ол халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленіп, ел біріншілігінде жеңімпаз атанған.
Расул Мақсұт, Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан чемпионы:
- Көп жарыстарға қатыстым. Осы спорт түрімен 9 жыл айналысамын. Арманым Октагонға шығу. Үлкен дәрежеге жету.
«AulaFest» бұқаралық спортты дамытуға, жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдауға бағытталған жоба. Ол командалық рухты нығайтып, ұлттық мәдениеттің дамуына ықпал етеді, — дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Қанат Махмутов