Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында финалда ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) шаршы алаңға шықты, деп жазады Egemen.kz.
Отандасымыз финалда ресейлік Вячеслав Рогозинмен қолғап түйістірді. Бірінші раундта төрешілердің екеуі Сәкеннің жеңісіне қолдау білдірсе, қалғаны ресейлік боксшының басымдығын мойындады. Екінші раундта ол қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. Шешуші раундта да Сәкен жинақы қимылдады. Осылайша ол екі дүркін әлем чемпионы атанды.
Қазірге дейін отандасымыз Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана), замбиялық Муенго Муале сынды қарсыластарын қапы қалдырды.
Сәкен Бибосынов — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы — алтын, 2019 жылы — қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды.