Енді елдің шалғай аймақтарына да тұрақты байланыс орнатылады, деп хабарлайды 24KZ. Бүгін Starlink жобасының Direct-to-Cell жүйесі арнайы сынақтан өтті. Тестілеу Ақмола облысындағы байланыс мүлде ұстамайтын ауылдардың бірінде жүрді. Ұялы телефон жүйеге қосылып, алғашқы хабарлама жіберілді.

Қазір Ақмола облысының шалғай ауылдарының бірінде Starlink Direct-to-Cell жүйесі сынақтан өткелі жатыр. Бұл технология телефонды қосымша құрылғысыз, мобильді интернетсіз тікелей спутникке қосып, байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Егер сынақ сәтті өтсе, Қазақстанның шалғай өңірлері де тұрақты байланыспен қамтамасыз етіледі.

Бүгінге дейін спутниктік байланыс орнату үшін көлемді әрі арнайы жабдық қажет болатын. Соның жоқтығы төтенше жағдайлар кезінде хабарлама жеткізуге кедергі еді. Ал Starlink Direct-to-Cell технологиясы осы түйткілдерді шешуге бағытталған. Жүйеге қосылу үшін жаңа телефон алудың немесе мобильді қосымшаның қажеті жоқ. Кәдімгі смартфон арқылы спутникпен тікелей байланыс орнатылады. Бұл технологияның көмегімен қайда жүрсе де, байланыссыз қалмайды.

Евгений Настрадин, Телеком-Холдинг президенті:

- Өздеріңізге де мәлім, телекоммуникация саласының барлық жылдардағы дамуын қарасақ та, ешбір мобильді оператор мұндай деңгейде қамтамасыз ете алған жоқ. Ал біз бүгін Қазақстанның кең-байтақ жерін осы технология арқылы қамтамасыз етуге болатындығын көрсетіп отырмыз. Бұл тарихи сәтті барлық тұрғындар есте сақтау қажет. Себебі осы кезеңнен бастап байланыс тек қалаларда емес, шалғай елді мекендерде ғана емес, қаладан тыс жерлерде – тасжолдарда, жазық далада, тауларда, Қазақстанның кез келген шалғай нүктесінде де қолжетімді болады.

Бүгін осы жаңа технологияны пайдалану арқылы алғашқы сынама хабарлама сәтті жолданды. Жаңа жүйе келер жылы ақпан, наурыз айларында толық іске қосылады. Бастапқы кезеңде пайдаланушылар SMS-хабарламалар жіберсе, кейін сөйлесу мүмкін болады.

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Әрине, бұл айтарлықтай үлкен капиталдық шығындарды талап етеді, бірақ азаматтар үшін байланыс пен интернеттің кеңінен қолжетімді болуы – басты басымдық. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» бағытындағы аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл елімізде цифрлық өнімдерді, жасанды интеллектіні және сапалы сервистерді дамыту үшін қажетті базалық жағдай. Сол себепті біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, сервистің қамтуын да, жылдамдығын да кезең-кезеңімен жақсарта береміз.

Бүгінгі таңда мұндай жобалар әлемнің санаулы елінде жүзеге асқан. Атап айтсақ, АҚШ, Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Жапония, Швейцария және Чили. Ал Қазақстан – Орталық Азияда Direct-to-Cell технологиясын сынақтан өткізген алғашқы мемлекет. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкаға ресми сапары барысында маңызды келіссөздер өтіп, елімізге әлемдік озық технологияларға жол ашатын бірқатар құжаттарға қол қойылды. Солардың бірі SpaceX компаниясының Starlink Direct to Cell спутниктік байланыс технологиясы.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Мұрат Әріпханов