Қоғамдық демалыс орындарының дені кәсіпкерлердің көмегімен салынды .

Шаһарда көп жылдар қараусыз қалған аумақтар мен жаңадан бой көтерген аудандар абаттандырылып жатыр.

Есет батыр тұрғындар алабы Ақтөбедегі қарқынды бой түзеп келе жатқан ауданның бірі. Мұнда мемлекеттік бағдарлама аясында жүздеген көпқабатты баспана салынды. Алайда білім ордалары ауласынан өзге балалар ойнайтын орын болмаған. Сондықтан биыл мектеп маңындағы бір жарым гектар алаңды абаттандыру туралы шешім қабылданды.

Бұрын бұл аумақ арамшөп қаулаған, бос жатқан жер болатын. Жақын маңдағы үй тұрғындары бірнеше жылдан бері демалыс орнын ұйымдастыруды ұсынып келген. Бұл жоспар маусым айында жүзеге асып, құрылыс жұмыстары басаталды. Енді міне, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары пайда болды.

Қоғамдық демалыс орындарын абаттандыру жұмыстары Алтын Орда шағын ауданында да жүріп жатыр. Әлия Молдағұлова даңғылы бойына жаяу жүргіншілер жолын төсеп, воркаут алаңын салу құрылыс компаниясына жүктелген. Мердігер аққайың мен көк терек, емен ағаштары көшеттерін егуді де жоспарлап отыр.

Данияр Бауыржанұлы, мердігер мекеме өкілі:

- Біздің компаниямыздағы миссиямыздың бірі — ол біздің тұрғындарымызға қолайлы жағдай жасау. Міне, сол ниетпен қаламыздың тұрғындарына Әлия Молдағұлова көшесіндегі аллеяны сыйға беруді жөн көрдік және түрлі көгалдандыру процесстері жүріп жатыр. Автополив жүйесі бар кәдімгі барлық парктегідей. Соны қондырып қойдық бір уақыт жүйесін белгілеп қоямыз солай өзі автоматты түрде суарып жүретін болады.

Шаһарда қазір 70-тен астам сквер мен саябақ бар. Биыл тағы 15-і ашылады. Қала билігі көп жылдар бойы қараусыз қалған жекенің меншігіндегі жерлерді де мемлекетке қайтаруға кіріскен. Келер жылы орталық көшелерден бөлек тасада қалған қиылыстарда да қоғамдық демалыс орындарын салу көзделіп отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов