Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіш монумет ашылды , деп хабарлайды 24kz.

Маңызды шара Жеңістің 80 жылдығына арналған. Салтанатты жиынға ардагерлер, күштік құрылымдардың өкілдері, батырдың жақындары қатысты.

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде «Мен өлгеннен кейін де тірілердің арасында жүремін» деген екен. Бұл парасатты тұлғаның алысты көре білетін көрегенділігі шығар.

Бүгінде батырды білмейтін ұрпағы кемде-кем. Ұлтық ұланның 5571 әскери бөлімінің сарбаздары қолбасшының ерлігін тағы бір еске алып, рухына тағзым етті.

Зейнеп Ахметова, Б.Момышұлының келіні:

- Халқымыз: «Өткендеріңді ескерген өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан өшкендіктің белгісі», — дейді ғой. Құдайға шүкір, өсіп-өніп жатырмыз. Жоғымызды тауып жатырмыз. Ұмытылғанның бәрі еске алып жатырмыз. Міне, бүгінгі күн де сол тарихтың бір айтуылы күні. Бұл ұрпақ үшін, мына өсіп жатқан қазақтың ұландары үшін керек дүние.

Ұлтық ұланның 5571 әскери бөліміне аңыз қолбасшының есімі 2022 жылы берілді. Әскери бөлім сарбаздары бүгінде Алматының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп келеді. Жеңістің 80 жылдығына орай ашылған ескерткіш монументте әскери міндетін өтеу барасында қаза тапқан Ұлттық ұлан сарбаздарының да есімі жазылған. Жобаны жүзеге асыруға Halyk банкі демеушілік жасады.

Мақсат Баймағұлов, полковник, Б.Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің командирі:

- Бүгін – тағзым күні. Естеріңізде болса, 2016 жылы 5 маусымда Ақтөбе қаласында лаңкестік топ 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған. Сол жерде біздің үш әскери қызметші қайтыс болған. Тағзым күні, ерлік күні дейді. Соған арнап, үлкен шара өткізіп жатырмыз. Көп рахмет ол кісілерге де. Алдымызда тұрған қызмет пен міндеттерді біз әрқашанда жеке құраммен орындауға дайынбыз.

Ерген Марат, Halyk банк Алматы филиалы директорының орынбасары:

- «Халық банкі» үшін ескерткіштің ашылу салтанатына қатысу – үлкен құрмет. Бұл маңызды оқиғаға атсалысқанымызды мақтанышпен айтқымыз келеді. Монумент ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен барлық батырлардың ерлігіне тағзым белгісі.

Ерлікті ұлықтаған ескерткіш монумент антқа адалдық пен Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтпақ.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев