Павлодарда Жұмысшы мамандықтар жылы аясында MamandyqFest атты кәсіптік бағдар беру фестивалі ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.

Шараға облыстың әр ауданынан келген оқушылар мен түлектер қатысты. Олар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық түрлерімен танысып, кәсіби-техникалық білім беретін оқу орындары жөнінде жан-жақты ақпарат алды. Сондай-ақ шеберлік сағаттарына қатысып, болашақ мамандығынның қыр-сырын тәжірибе жүзінде көрді.

Фестивальге 36 колледжден өкілдер қатысып, оқу бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын ұсынды. Әр колледждің өзіндік ерекшелігі бар – бірі өндірістік тәжірибеге басымдық берсе, енді бірі заманауи оқу шеберханаларын көрсетті.

Аянат Сәтбек, студент:

- Жұмысқа тұрғызады және де бизнес ашу туралы ойласаң, ол жағынан да үлкен көмектер бар. Сол жағы мені қуантады.

Жетпіс жылдық тарихы бар Екібастұз политехникалық колледжі жыл сайын 300-ге жуық студентті қабылдайды. Онда тау-кен, энергетика мен машина жасау саласында мамандар даярланады.

Ерен Мұхамед, Екібастұз политехникалық колледжінің оқытушысы:

- Көмірлі разъездерге және де энергетика саласы бойынша мамандықтар даярлаймыз. Қаламыздағы барлық үлкен кәсіпорындармен келісімшарт жасалған. Сол себепті сұраныс негізінде бізде мамандықтар құрылады.

Ал Ақтоғай аграрлық колледжінде студенттер бөдене өсіріп, табыс табуда. Бұл – кәсіпкерлікке бастайтын алғашқы қадам.

Октябрь Жұмайхан, Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжінің басшысы:

- Ақтоғай ауданында орналасқан үлкен ірі-ірі шаруа қожалықтарында жұмысқа орналасады. Қазір дуалды оқыту негізінде екінші курстан бастап студенттерімізді осы кәсіби тәжірибеден өтуге жұмысқа шақырады. Мекемелерге, кәсіпорындарға жұмысшы мамандықтар қажет.

Қарлығаш Асаимова, облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы:

- MamandyqFest» ол нақты кәсіптік бағдар беру жұмысына бағытталған. Біз балаларды тәжірибемен, колледждердің мүмкіндіктерімен және оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуымен таныстырамыз.

MamandyqFest» жастарға сұранысқа ие мамандықтарды таныстырып қана қоймай, болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға мүмкіндік берді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков