Президент пәрменімен жүргізілетін Парламенттік реформа аясында заңның кемі 40 бабына өзгеріс енгізіледі.

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елордада өткен Ұлттық құрылтай секцияларының отырысында мәлімдеді. Саяси бастама Парламент қызметін өзгертумен ғана шектелмейді. Елдің конституциялық құрылымының іргелі негіздерін де қамтиды.

Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет. Бұл мемлекеттік құрылыстың базалық формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың жалғасы. Осылай деген Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай мүшелеріне Президент реформаларын жан-жақты түсіндірді. Ерлан Қарин жаңа бастамалар парламенттің жаңарып, тиімділігінің артуына бағытталғанын айтты. Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелер талқыға түсіп, шешемін табатын жаңа диалог алаңына айналды. Бұған дәлел биыл Бурабай баурайында өткен 4-отырыс.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

- Біз арнайы 53 тармақтан тұратын жоспарды қабылдадық. Сол жоспарда көрсетілген барлық бастамалардың жүзеге асырылуын бақылауға алдық. Бұл жұмыстың аясында 10-ға жуық заң қабылдануы керек. Бірнеше үлкен нормативтік құжаттар қабылдануы керек.

Ұлттың ұйытқысы болған Ұлттық құрылтайда ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат дайындалды.

Одан өзге талай жанның өмірін жалмаған есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспары да осында бекітілді. Сондай-ақ алдағы 5 жылға жылға арналған елдің өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданғаны және бар. Бұл атқарылған ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана дейді Құрылтай мүшелері.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, мектептерге қатысты, зорлық-зомбылыққа қатысы қыздарды алып қашып, мәжбүрлеп некелесу мәселесін көтеріп жүрдім. Мен осы уақытқа дейін қанша уақыт айтып жүрдім. Оған ІІМ, Прокуратура да келіспей жүрді, жоқ бізге қажеті жоқ ондай заң деп. Ал міне Ұлттық құрылтайда көтерілді. Біз шештік.

Сонымен қатар «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы, «Асыл мұра» аудио жинағы секілді маңызды мәдени-гуманитарлық жобалар жүзеге асты. «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енді.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Биылғы жылдың экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуының қорытындысы жақсы. Соның ішінде осы ең өзекті мәселелердің, ең шешілуі тиіс мәслелердің шешімінің табылуына осы Құрылтайда көтерілген ойлар, ортаға салынған пікірлер, келелі мәселелердің шешім табуы үлкен оң серпін берді деп ойлаймын.

Ләззат Қожахметова, Ұлттық құрылтайдың мүшесі:

- Биылғы жылдың ең үздік жетісігі бұл – Ішкің саясат қағидасы деп айтамыз. Себебі бұған дейінгі Ішкі саясат тұжырымдамаларының барлығы тәуелсіздік алған жылдардың барлығында ешқашан тәртіп, заң, қоршаған ортаны қорғау деген баптар болмаған. Кез келген экономиканы, идеологияны жүргізсеңіз де ол жерде тәртіп болу керек.

Нәтижелі бастамалар бұдан әрі де жалғасын табады. Мәселен, балалардың құқығын қорғау, ғылыми қалашық құру, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттеу және ерекше қажеттілігі бар балаларды кешенді қорғау мәселелері. Аталған ұсыныстар бүгін үш бірдей жұмыс секцсияларында талқыланды. Ол өз кезегінде Хатшылықта жинақталып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысында қарастыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланады. Келесі V отырыс Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарлануда.