Түркістанда инклюзивті бағыттағы «Дара ұрпақ» театры ашылды. Театрдың ашылу салтанатында ерекше жандардың қатысуымен «Жарық» мюзиклінің премьерасы сахналанды.


Мемлекет басшысы ерекше балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету мақ­сатында оңалту орталық­тарының желісін кеңейтуді тапсырған болатын. Осы орайда облыста тиісті жұмыс жүргізіліп, қолдау көрсетіліп келеді. Түркістанда инклюзивті бағытта алғашқы өнер ұжы­мы ашылып, «Жарық» қойылымын ұсынуы – сол қолдау нәтижелерінің бір көрінісі. «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, театрдың ашылуымен құттықтады.

«Бұл – жай ғана театр емес, өнер мен жігер тоғысқан мүмкіндіктер алаңы. Өнерде де тең мүмкіндіктер қалып­тастырып, ерекше қабілетті балалардың талантын танытуды мақсат еткен театрдың болашағы жарқын болады деп сенемін. Биылдың өзінде облыстағы кәсіби 3 театрда 310 қойылым көрсетіліп, 30-ға жуық премьера көрермен назарына ұсынылды. Қойы­лымдар еліміздің бірнеше аймағында сахналанып, халықтың ерекше ықыласына ие болды. «Дара ұрпақ» театры да осы өнер ұжымдары cияқты биік шыңдарды бағын­дырады деп сенемін. Себебі бұл театрда өнерлі, қайсар және аса талантты балаларымыз өнер көрсетеді», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ салтанатты рәсімде театр­дың құрыл­тай­шылары – әлеуметтік кәсіпкер Рухабза Қалдарбек пен «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ербол Көке­нов бұл премьера үзілмеген үміттің, ерекше жандардың жеңісі екенін атап өтті.

Мюзикл LED экраннан қа­тысушы­ларды таныс­ты­ратын бейнеролик­пен бас­талып, Әлидің әсерлі сах­налық көрінісімен жалғас­ты. Қо­лар­бадағы бишілер­дің топтық биі мен «Ерек­ше балалардың» өнері көрер­менге өзгеше әсер сыйлады. Сонымен қатар бейнеролик арқылы балалардың сурет байқауындағы ең үздік шығармалары көрермен назарына ұсынылды. Сахна төрінде ДЦП, Даун синдромы, аутизм, РАС, ЗПР диагнозы бар, көру және есту қабілеті шектеулі 70 талантты бала өнер көрсетті. Қойылым соңында барлық қатысушы «Өмір сүр» әнін орындады. Дарынды балаларды облыстың театр әртістері мен жас өнерпаздары да қолдап, бірге өнер көрсетті.

ТҮРКІСТАН