Отандық параспорт құрлықтық додада бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті.
Дубайда жасөспірімдер арасындағы бесінші Азия Пара ойындары аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық атлеттер 68 медаль жеңіп алды. Оның 25-і алтын. Жалпы есепте біздің құрама 5-орынға тұрақтады.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Дубайдағы дүбірлі додалар легі толастамай тұр. Кезек параатлеттерге келді. Қазақстан құрамасы бұл сынға 60-тан аса спортшысын алып келді. Ә дегеннен ел қоржыны медальдармен толықты.
Араб жерінде екінші мәрте ұйымдастырылған Азия өрендерінің пара ойындарын жергілікті қоғам «жігерлі жандар додасы» деп атайды. Әмірлік үкіметінің тең құқылы әрі инклюзивті орта құру идеясына негізделген. Мұндағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалған жағдай құрлықтық бәсекелер өткізуге жол ашты. Ал Қазақстан параспорт қозғалысының өкілдері әлемдік бәсекелерге тұрақты түрде қатысып, бақ сынап келеді.
Қайратбек Сейітбеков, ҚР Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық орталықтың басқарма басшысы:
- Қорытынды нәтиже 25 алтын, 20 күміс және 23 қола медаль иеленді. Жалпы медаль саны 68 болды. Қатысқан барлық спорттан медаль алдық.
Дубайдағы ойындарда өрендеріміз спорттың 9 түрінен өнер көрсетті. Ел қоржынына ең көп медаль салғандардың бірі суда жүзушілер. Бұл сында Нұрдәулет Дүйсенбаев, Әсия Мұрзағалиева, Адель Қалиев, Кирилл Ресслер, Әли Тұрғанбеков және Виктор Волковтар алтыннан алқа тақты. Парапауэрлифт алаңында да еншімізге бірнеше медаль бұйырды. Шалқалай зілтемір көтеруде Зарина Әшір үздік атанып, алтын иеленді. Сондай-ақ қол күрес, үстел теннисі, жеңіл атлетика, бочча, голбол және садақ атуда елдегі параспортшылар асығы алшысынан түсті.
Қуаныш Асқарбеков, жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының күміс жүлдегері:
- Бүгін мен боччадан күміс жүлдегер атандым. Жарыс өте тамаша деңгейде өтті. Қарсыластар өте көп болды.
Әли Мақұлбеков, жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының чемпионы:
- Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Қарсыластардың бәрі осал емес. Бұл жарыс еліміз үшін өте маңызды. 45 ел, 1 мың жарым спортшы қатысуда.
Пара азия ойындарының таеквондо бәсекелері де тартысқа толы болды. Ерлер арасында 80 келіде өнер көрсеткен Санжар Артықтай алғашқы халықаралық жарысында-ақ финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Оның командаласы Бахтияр Невержанұлы қоланы қанағат тұтты.
Бахтияр Невержанұлы, жасөспірімдер арасындағы Азия Пара ойындарының қола жүлдегері:
- Дайындығым, бәрі жақсы болды. 2 ай демалмай істедім. Соңғы 1 апта қалғанда сборда болдым. Бұйырса, сол Лос-Анджелес Олимпиадасына бару арманым болып түр.
Ерлан Сүйеуов, паратаеквондодон Қазақстан құрамасының жетекшісі:
- Жақсы баға береміз. Жасөпірімдеріміз аз негізі. Барынша барын салып, финалға шығып жатыр. Үлкен тәжірибе болып саналады.
Бір айта кетерлігі, отандастарымыз жұптық және командалық бәсекелерде жақсы нәтиже көрсетті. Мамандар құрлықтық доданы «алдағы параолимпиада ойындарына дайындықтың бір кезеңі», — дейді.
Рауан Мыңбай