Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Ұлытау облысында өрт кезінде үш баланы құтқарған патрульдік қызмет взводының инспекторы Әсет Әбдуақитов және Ұлытау облысы ПД-ның Сәтбаев қалалық полиция бөлімінің патрульдік қызмет взводының инспекторы Нұрболат Нұрғабыл «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.


Ұлытау облысының ТЖД бастығы Есен Байыров салтанатты түрде полицейлерге наградаларды табыстап, олардың көрсеткен ерлігі мен батылдығына алғыс айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың 29 қазанында Сәтбаев қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққан еді. Көшелерді патрульдеу кезінде полицейлер терезеден шыққан жалынды байқап, оқиға орнына жедел жеткен.

Полиция қызметкерлерінің бұл әрекеті кәсібилік, батылдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі ретінде бағаланды.