Алматыда алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжауынша, желтоқсанда тұрғындардың тынысы ашыла түспек. Қыстың алғашқы күндері қоюланып, қаланы басып қалған көк тұман сейіледі.

Жаңбырлы күндері мегаполисті жайлайтын көк түтінді көктен құйылған тамшылар тазартып, табиғи сүзгіге айналады. Ауадағы көрінбейтін шаң-тозаң мен ұсақ зиян бөлшектерді жаңбыр жерге қарай түсіріп, көкжиекті ашады. Экологтардың айтуынша, жаңбырдан кейін небәрі бірнеше сағат ішінде ауаның ластану көрсеткіші 80 пайызға төмендейді. Әсіресе, PM2.5 сияқты қауіпті бөлшектер айтарлықтай азаяды. Бұл — қала тынысын кеңейтетін негізгі фактор.

"Ауадағы ластаушы заттар таралуына, сейілуіне метеожағдайдың әсері көп. Биыл жауын-шашын өте аз болды. Соның кесірінен өзендердің де, атмосфераның да ластануы күшейді. Жауын жаумағандықтан зиян ауа қалдықтары тұрып қалады. Биыл жел де сирек, ал желдің болмауы экологиялық жағдайды қиындатып, ауа сапасын едәуір нашарлатты. Қазір метеожағдай өзгеріп жатыр", — деді Қазақстан экологиялық аудиторлар палатасы оқу орталығының директоры Райдин Қасымов.

Алматыда алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр аралас қар жауып, түнде ауа температурасы төмендеп, күндіз қайта жылынып отырады.

"Жауын мөлшері орташа деңгейде 3-4 миллиметр болған жағдайда ауаны тазартады. Жаңбыр ауадағы тұман мен түтінді сейілтеді", — деді "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Аружан Мұратова.

Мамандарының айтуынша, жауынды-желді күндер қала атмосферасы бірнеше есе тазарып, ең қолайлы кезеңге айналуына ықпал етпек. Жауын-шашын шаң мен түтінді басып, жел қалдықтарды ыдыратып жібереді.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget