Талдықорғанда тұратын Светлана Янчукова мен Ирина Воронина есімді шеберлер қойдың жүнінен қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін жасап, түрлі картина салады.
Қалалық мектепте сабақ беретін мұғалімдер ұлттық өнерге оқушыларды да баулып жүр.
Ирина Воронина қуыршақ арқылы қазақтың ертегі, аңыз-әпсаналарын дәріптеп жүрген жан. Алдар көсе оның ең сәтті шыққан кәдесыйларының бірі. Сол себепті де оны түрлі көрмелерге апарып, көпшіліктің назарына жиі ұсынады. Қолөнер шебері одан бөлек «Көш керуені», «Ұзатылған қыз», «Күйші» деген композициялық туындыларды жасаған.
Ирина Воронина, қалалық №12 орта мектеп-гимназиясының мұғалімі:
- Ұлттық нақыштағы ойыншықтар бірінші кезекте көзге түседі. Себебі олардың әрқайсысының өз композициясы бар. Бірақ оларды жасауға өте көп уақыт кетеді. Мысалы, мына көш керуенің күнде кешкісін отырып бір айда жасадым. Жүн де қымбат. Соған қарамастан бұл өнерге балалардың да көпшіліктің де қызығушылығы жоғары.
Өнерді өмірінің ажырамас бөлшегіне айналдырған Ирина Воронинаның ұстаздық еткеніне 33 жыл болды. Тәжірбиелі мұғалім сабақтан тыс уақытта да оқушыларды кәдесый жасауға баулиды.
Алима Жамали, оқушы:
- Мен қазір тышқан жасап жатырмын. Осыған дейін мысық жасағанмын. Сол мысықты әжеме сыйлағанмын. Бұл маған ұнайды, өте қызықты.
Ал Светлана Янчукова балаларға киіз басуға ұқсайтын ерекше өнерді үйретеді. Түрлі түсті қой жүнін түтіп, қабаттау арқылы жан-жануарларды және адамдарды бейнелейді. Табиғат сұлулығы көрініс тапқан пейзаж да салады.
Светлана Янчукова, қалалық №4 орта мектептің мұғалімі:
- Бұл бір жағынан ұлттық өнер. Оны қолдау керек және балаларға үйрету керек. Себебі оның пайдасы көп. Жасөспірімдердің жан дүниесі тынышталады, олар әртүрлі түстерді өзара үйлестіруді үйренеді. Жұмсақ жүнмен жұмыс істеген соң қол маторикасы дамиды.
Алтыншаш Байгенжинова, қалалық №4 орта мектептің директоры:
- Көркем еңбек пәні балалардың шығармашылығын дамытуда өте қажет пән. Өйткені осы пән сабағында балалар өздерінің эстетикаға, сұлулыққа деген көзқарастарын дамытып, киім дизайны, интерьер декор бар. Соның бәріне қажетті қабілеттіктерді осы сабақтан алады.
Ұстаздар өскелең ұрпақтың бірнеше буынын шығармашылыққа баулыды. Шәкірт тәрбиелеу арқылы олар ұлттық өнердің дамуы мен өміршең болуына өз үлесін қосып келеді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев