Мемлекет басшысы Жолдауында азық-түлік қауіпсіздігін стратегиялық маңызы бар міндет ретінде атап, Үкіметке импортқа тәуелділікті азайту жөнінде нақты тапсырма берді. Себебі ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету – экономикалық дамумен қатар, елдің тұрақтылығына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар міндет.
Беларусь еліне барып қайтқан кәсіпкерлердің айтуынша, ол жақта ең алдымен отандық өнімнің саудасын қыздыру мәселесіне баса мән беріледі. Азық-түлік дүкендеріндегі тауардың 80 пайызы – жергілікті өнім. Ал импорт тауардың үлесі – 20-ақ пайыз. Оның өзі елеусіздеу, ең төменгі сөрелерге қойылған. Біздің кейбір сауда орталықтарында, керісінше, бірден көзге ұрып тұратын ең көрнекі жерлерде шетелдің өнімдері самсап тұрады.
Мәселен, бройлер етін алайық, бүгінде қала тұрғындарының дені көбіне Ресей мен Беларусьтан келген арзан құсқа құмар. Ал Қостанайдан 40 шақырым жердегі Жуков құс фабрикасының өнімі сөреде ұзағырақ жатып қалады. Өйткені отандық өнім алдыңғыларға қарағанда сәл қымбаттау. Кәсіпорынға барып, бройлер өсіріп жатқан мамандармен сөйлесіп көрдік. Олар құс шаруашылығы саласында шешілмей келе жатқан біраз мәселе бар екенін айтты.
Жылына мың тонна ет шығаратын Жуков құс фабрикасының өнімдері бүкіл облыс көлеміне тарайды. Кезінде тұрғындарының көбі көшіп кеткен шағын елді мекеннің еңсесін тіктеп, ауылды қайта жандандырған кәсіпорын Қостанай ауданына қарасты Жуков, Александров, Еңбек елді мекендерінде тұратын 50 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Фабрика бройлер жұмыртқасын жылда Башқұртстаннан сатып алады. Оны 21 күн инкубаторда ұстайды. 22-күні жаңа жұмыртқа жарған сарыүрпек балапандарды аумағы сиыр базасына бергісіз кең тауық қораға шығарады. Фабрикадағы 7 тауық қораның әрқайсысында 15 мың құс өседі. Жып-жылы әрі кең заманауи ангарлар қысы-жазы құс өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Мұндағы жылу мөлшері, құстың күтімі автоматтандырылған арнайы технология жолымен іске асырылады. Ангарға кірген балапан 40-45 тәулік ішінде өсіп, ет жинап үлгереді. Одан әрі құстар сою цехына жіберіліп, таза салмағы екі-екі жарым кило тартатын бройлер еті Тобыл қаласындағы шұжық цехына жөнелтіледі. Заманауи цех бройлер етін өңдеп, шұжық дайындап шығарады.
«Бізді өнімдер өңір жұртшылығына «От Розумовича» брендімен белгілі. Бройлерді еттей емес, көбіне шұжық түрінде сатамыз. Қазір облыс көлемінде Беларусь тауарлары мен дүкендері қаптап кетті. Біз мол өнім шығаратын кәсіпорын ретінде мемлекеттен құс етінің әр килосына 50 теңге субсидия аламыз. Соған қарамастан, сырттан келген өнімнің қыспағын едәуір сезініп отырмыз. Сырттан келіп жатқан бройлер еті мұздатқышта көп жатып қалады, сондықтан етінен гөрі суы көп болады. Судың көптігі еттің тұтыну мерзімі өтіп кеткеннін көрсетеді. Сондықтан сапасы төмен, бағасы арзан болып келеді. Ал біздің өнім – өзіміздің алқапта табиғи жағдайда өсіп-піскен таза бидайдан тартылған химикатсыз жем жеп өскен құстың экологиялық таза әрі цехтан жаңа ғана шыққан еті ғой. Оны сапа жағынан шетелдің етімен салыстыруға мүлде келмейді. Біз Ресейдің өнімі сияқты арзан баға қоя алмаймыз. Өйтсек өнімнің өзіндік құны ақталмайды. Соған қарамастан, бройлер етін мейлінше төмен бағамен саудаға шығарып жатырмыз. Өкінішке қарай, қазір жұрттың біразы сапаға емес, бағаға қарайды», дейді Жуков құс фабрикасының технологі Светлана Морозова.
Жуков ауылындағы құс фабрикасына бола сонау Беларусь мемлекетінен келген Светлананың сөзінен елімізде бройлер құсын өсіретін мамандар да тапшы екенін аңғардық. Өз ісіне шын берілген білікті маман құс шаруашылығы саласында жетіспей жатқан біраз мәселенің ұшығын шығарғандай болды.
«Қазақстанда аналық құс өсіретін шаруашылық жоқ. Егер шекара жабылып қалса, инкубаторлық жұмыртқа ала алмай қаламыз. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты маңызды мәселе. Мәселен, өткен жылы Ресей шекарасы жабылып қалды да, жұмыртқасыз қалдық. Амалсыз Түркиядан алдырдық. Сондықтан менің ойымша, мемлекет өз ішімізде аналық құс шаруашылығын қолға алу жағын қарастыруы керек. Біз де ақшамызды шетелге шашпай, жұмыртқаны өзімізден алатын едік. Бройлер аналығы Шығыс Қазақстан облысындағы Макинск құс фабрикасында ғана бар. Бірақ олардың жұмыртқасы өздерінен артылмайды. Ірі аналық құс шаруашылығын ашу, әрине, мол қаржыны қажет етеді. Сондықтан бұл салаға мемлекеттің қолдауы аса қажет. Мұндай шаруашылыққа жұмсалған шығын түбінде еселеп ақталады. Оның үстіне, Ресей құс фабрикалары бізге жақсы жұмыртқасын бермейді. Сапалы жұмыртқасын өзіне іріктеп алып, қалғанын бізге сатады», дейді С.Морозова.
Маманның айтуынша, бройлер – аз уақыт ішінде мол ет алу үшін арнайы будандастырылған үй құсы. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін алдымен маман даярлап алу қажет.
Қостанай облысы