primeminister.kz

Эстония – Қазақстанның Балтық теңізі бойындағы маңызды серіктесі. Биыл алғашқы 9 айда екі ел арасында алыс-беріс көлемі 46 млн долларға жеткен .

Қазақстаннан Эстонияға 20 млн доллар тауар экспортталды. Ал бұл мемлекеттен біздің елге 25,8 млн доллар көлемінде тауар жөнелткен. Өткен жылғы көрсеткішке көз жүгіртсек, былтыр Қазақстан-Эстония арасындағы тауар айналымы 60 млн доллар болса, экспорт көлемі 32 млн доллар, импорт көлемі 27 млн долларға жеткен болатын.

Қазақстан Эстонияға не экспорттап отыр?

Біздің елден Эстонияға жөнелтілетін тауарлардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен ағаш өнімдері. Олардың көшін жиһаздар мен түрлі бұйымдарға қолданылатын ағаш шпондары бастап тұр. Жалпы құны 4,5 миллион долларға жуықтаған. Келесі кезекте 4 млн доллардан сәл ғана асатын өсімдік майларының қалдықтары. Одан соң тізімді рапс тұқымы, фанера, титан және зығыр дәні жалғастырып тұр. Осылайша биыл қаңтар-қыркүйек аралығында экспорт көлемі 20,2 млн долларға жеткен.

Эстония Қазақстанға не беріп отыр?

Қазақстан мен Эстония арасындағы алыс-беріс тақырыбын әрі қарай жалғастырамыз. Солтүстік Еуропадағы шағын ғана мемлекет балық шаруашылығымен және теңіз өнімдерімен жақсы танылған. Сол себепті Эстониядан біздің елге келетін ипорттың 16%-ке жуығы балық өнімдері. Екінші орында импорттың 14%-ін құрап отырған сүзгіш материалдар екен. Серіктес мемлекет тіпті телефон, жүк вагондары, дәрі-дәрімекке деген сұранысымызға үлес қосып отыр. Биылғы импорттың жалпы көлемі 26 млн долларға жуықтайды.