Дата журналистикасы деген не? Ауқымды мәліметтер қорына тереңінен үңіле отырып, жұртқа өтімді жаңалықты қалай ұсынуға болады?

Аstana Media Week-ке аясында осы сияқты өзекті тақырыптағы шеберлік сабақтары өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген медиа орталық басшылары, баспасөз қызметкерлері мен жас журналистер жиылған форум бүгін тәмамдалды. Ендеше біліктілікті шыңдау мақсатында жиылғандар бұл форумнан не түйді?

Мөлдір Досбаева, «Хабар» арнасының тележүргізушісі:

- Дәл сондай көптік мәндегі сөздер бар. Ағайын, мысалы, ағайын онсыз да ағайын. Оның ішінде бір адам емес, бірнеше адам. Бір адам болса, ол бауыр, іні, аға, қарындас деген сияқты болады. Сондықтан ағайындар деп кездесуі мүмкін емес.

Қазақ журналистерінің сауатын көтеру. Аstana Media Week-ке арнайы шақырылған Хабар арнасының жүргізушісі Мөлдір Досбаеваның кәсіби миссиясы осы. Форумға қатысушылардың көбі әйгілі тележүргізушінің семинарын асыға күткен. Соның бірі қызылордалық «Сыр бойы» газетінің жетекшісі – Гүлжазира Жалғасова. Оның айтуынша, жасанды интеллект жаңалық мәтінін жазатындай күнге жеткенде, орысшадан калька аудармамен күрес бұрынғыдан қиындай түскен. «Осы орайда Астана медиа уик кезінде жасанды интеллект тақырыбы жан-жақты қамтылғаны ұнады», — дейді форумға қатысушы.

Гүлжазира Жалғасова, «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары:

- ЖИ-ге сүйеніп жазылған мақаланың авторы кім болады деген мәселе бар. Мысалы, 70 пайызын журналист өзі жазу керек. Қалғанын ЖИ-ге сүйенуге болады деген ойлар айтылды. Мүмкін ескі көзқарастың адамы шығармын, бірақ осы уақытқа дейін көшірмемен, плагиатпен күресіп келдім, енді ол да жаңа заманның талабы ғой. Оған да мүмкін сүйену керек шығар.

Мәліметтер базасы, жылдық есептер, статистика, қазіргіше ауқымды «датаны» зерделей келе, татымды жаңалық, медиа контент жасауға болады. Іс-шараға қатысушылар медианың жаңа тармағы — дата журналистикасынан да дәріс тыңдады. Сонымен бірге мемлекеттік органдар өкілдерінің қоғам алдындағы беделі, пиар тақырыбындағы шеберлік сабағына жиылғандар қарасы қалың болды.

Ақерке Берлібай, PR сарапшы:

- Бүгін осы 40 пайыз аудитория студенттер болды. Университеттерден келген журналистика, пиар, қоғаммен байланыс факультеттерінің студенттері болды. Енді бұл өте қуантады, шыны керек. Өйткені осындай тақырыптарда мемлекеттік қызсметкердің имиджі, беделі деген сұрақтарды көбірек көтеру керек. Мұнда енді тек қанағ мемлекеттік қызметші ғана емес қой, барлығының имиджі, беделі. Бүгінгі уақытта коммуникация жаңа дәуірде өтіп жатыр, пиар да жаңа дәуірде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі сұрақтар өте нақты болды осы жаңа пиар тәсілдері туралы.

Ақерке Берлібайдің айтуынша, қазақ тілді контенттің сапасын әлі де арттыра түскен абзал. Astana Media Week-ке қатысушылар осыған атсалысады деген үміт бар.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Өрден Жарқын