Алматыда республикалық физика-математика мектебінің ұйымдастыруымен өткен «FAIO 2025» олимпиадасы қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды, деп жазады Egemen.kz.
Шығармашылық дағдыларға баулуды мақсат еткен жасанды интеллект саласындағы ең ірі жарыс – FAIO 2025 іріктеу кезеңіне 9 елдің 50 қаласынан 400-ден астам команда, мыңнан астам оқушы қатысты.
Оза шауып, финалға жеткен 7 елдің 51 командасы бақ сынап, Google, Huawei, Beeline, Freedom Bank инженерлері дайындаған тапсырмаларды дәлме-дәл орындауға тырысты. Маңыздысы – ең дұрыс шешімін табу.
FAIO 2025 олимпиадасының техникалық жетекшісі Қуаныш Өтеудің айтуынша, Fizmat AI олимпиадасы былтыр республикалық деңгейде өткен. Биыл бұл жарыс алғаш рет халықаралық ауқымда ұйымдастырылды. FAIO 2025 олимпиадасы – командалық сайыс. Бір топта үш оқушы бар. Басты мақсат – оқушыларды шығармашылық ойлауға тәрбиелеу және ізденіске үйрету. Қатысушылар ғылыми, қиын, индустрияда, шын өмірде кездесетін қиын есептерді шығарды.
Олимпиадада тапсырманы дұрыс орындап, 1-орынды ресейлік команда иеленсе, Қазақстан командалары 2 және 3-орындарды еншіледі. Жеңімпаздар дипломдар мен арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Биылғы жарыстың жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.