АҚШ ядролық сынақты қайта бастауы мүмкін. Қазір төрткүл дүниені алаңдатқан басты мәселе осы.

Президент Трамп кеше Пентагонға тапсырма берді. Оның айтуына қарағанда, Құрама Штаттар ең көп жойқын қаруға ие. Одан соң Ресей тұр. Алдағы 5 жылда Қытай да бізбен теңесуі мүмкін, — дейді Ақ үй басшысы. Мұны Президент Трамп Си Цзинпиньмен кездесуіне бірер минут қалғанда әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды.

АҚШ сынақ полигонын 1992 жылы жапқан. Содан бері ядролық сынақ жүргізген емес. Мәселенің аужайын халықаралық шолушымыз Зайнұр Байжігіттен білейік. Қайырлы таң, Зайнұр. Әлем жаңа қырғи-қабақ соғыстың алдында тұр ма әлде бұл әлдекімдердің қоқан лоққысы ғана деп сенген дұрыс па? Саясаткерлер, сарапшылар не дейді?

«Бұл ХХІ ғасырда ұмтыла бастаған сөз еді. Алайда кейінгі бір жылда алпауыт елдердің бір-біріне ядролық қару арқылы сес көрсетуі қалыпты үрдіске айналды», — дейді сарапшылар.

АҚШ ядролық сынақ бастай ма?

Президент Трамп Жаңа стратегиялық қаруларды қысқарту шартының аяқталуына 100 күн қалғанда батыл мәлімдеме жасап, айды аспанға шығарды. Бұл АҚШ пен Ресей арасындағы ядролық қаруды шектеуге бағытталған соңғы ірі халықаралық келісім. Оған сай, екі елдің әрқайсы 1550 оқтұмсыққа ғана иелік етуі керек. Яғни келер жылы ақпанда құжат әрі қарай ұзартылмаса, Вашингтон мен Мәскеу арасында жойқын қаруды қолдануды реттейтін тетік қалмайды. Президент Трамп болса, АҚШ-та ядролық сынақ бастауға қатысты шешімін былай деп түсіндірді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- АҚШ-та бәрінен көп ядролық қару бар. Бірақ біз сынақ өткізбейміз, оны көп жыл бұрын тоқтаттық. Алайда өзгелер сынақ жүргізіп жатқанда, біздің де солай істеуіміз заңдылық деп ойлаймын.

АҚШ сынақ полигонын 33 жыл бұрын 23-қыркүйекте жапқан. Сол уақытқа дейін 1 мыңнан аса жарылыс болған. Сарапшылардың айтуына қарағанда, Невада штаттындағы сынақ алаңын қайта іске қосу үшін кемі 3 жыл қажет.

Ханс Кристенсен, АҚШ Ғалымдар федерациясы ядролық ақпарат бойынша жобаның директоры:

- 1945 жылы Хиросиманы қиратқан қарудың қуаты 15 килотонна болатын. Қазір бұл ең төмен ядролық заряд саналады. Бірақ соның өзі тұтас бір қаланы жоқ қылды. Ал бүгінгі қарулардың қуаты бірнеше жүз килотоннаға жетеді. Олар жердің беті тұрмақ астындағысын да тып-типыл ете алады.

Мәскеу болса, Америка басшысының шешіміне қатысты таңданысын білдірді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей ядролық қару тасымалдайтын екі жаңа жүйені сәтті сынағанын растады. Бірақ ол кезде ядролық жарылыс жасалмағанына баса назар аударды.

Дмитрий Песков, РФ Президентінің баспасөз хатшысы:

- Президент Трамп өз мәлімдемесінде басқа елдер ядролық сынақ жасап жатыр деп айтып қалды. Егер ол Посейдон мен Буревестникті меңзеп тұрса, бұл ядролық сынақ болып саналмайды. Мен президент Путиннің бірнеше рет қайталаған сөзін тағы бір рет еске салайын. Егер біреу ядролық қару бойынша мораторийден бас тартса, Ресей де соған сәй әрекет етеді.

Тақауда Ресей Буревестник құрлықаралық зымыранын ұшырды. Президент Путиннің сөзіне қарағанда, бұл қарудың 14 мың шақырымға дейін жететін күші бар. Сондай-ақ Посейдон деп атайтын суасты құралын сынақтан өткізген. Кейінгі мәліметке қарағанда, ол АҚШ-тың батыс жағалауына соққы беруге жарайды.

Бұл арада Қытай да қарап жатқан жоқ. АҚШ-тың Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда Бейжің ядролық арсеналын екі есе күшейтті. Президент Трамп Қытай осымен ғана шектеліп қоя салмайды. 2030 жылға қарай бұлар Құрама Штаттармен теңесуі мүмкін, — деп санайды. Алайда Қытай ядролық қару бізге сақтану үшін ғана керек деп отыр.

Го Цзякунь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

- Қытай Америка Құрама Штаттары Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт бойынша міндеттемесін орындап, жаһандық стратегиялық тепе-теңдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді деп сенеміз.

Қазір әлемде 9 ел ядролық соққы жасау мүмкіндігіне ие. Military Watch Magazine басылымының дерегіне сәйкес, солардың тек бесеуі – яғни, АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания ядролық держава деген ресми мәртебеге ие. Кейінгі мәлімет бойынша жер бетінде 12 500 оқтұмсық бар. Оның 90%-і Ресей мен АҚШ-қа тиесілі.

Ханс Кристенсен, АҚШ Ғалымдар федерациясы ядролық ақпарат бойынша жобаның директоры:

- Біз жаңа Қырғи-қабақ соғыстың алғашқы кезеңіне аяқ бастық. Бұған ядролық келісімдердің бұзылуы және жаһандық сенімнің әлсіреуі дәлел. Алайда мұның соңы тарихи қателіктің қайталануына әкеп соғуы мүмкін.

Дүниежүзілік Қаруды бақылау қауымдастығының мәліметі сүйенсек, ХХІ ғасырда ядролық сынақты өткізген ел біреу ғана. Бұл — Солтүстік Корея. Бірақ Пхеньяннің өзі 7 жыл бұрын мұндай сынақтарға мораторий жариялаған.

«1945 жылы шілдеде Нью-Мексико штатының Аламогордо шөлінде алғашқы ядролық қару сыналды. Осы сынақтан кейін бір ай өтпей АҚШ Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасын тастады. Сөйтіп бір мезетте 80 мың адам қаза болды. 1-2 ай өткенде құрбандар саны одан әрі көбейді. Одан кейін де зардабы тоқтаған жоқ. Бірақ адамзат сол нәубетті ұмытқан сыңайлы. Өйткені арада 80 жыл өткеннен кейін жаңа ядролық қауіп төне бастады», — дейді сарапшылар.