Ұлытау облысы, Ұлытау ауданында жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыс жүріп жатыр . Игі іс ауданның туризм әлеуетін арттыру мен ауыл тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін қолға алынған кешенді шараның бірі, деп жазады Egemen.kz.

Сарлық ауылына кірер тұстағы 9,6 шақырымдық автокөлік жолына орташа жөндеу жұмысы жүргізілді. Аталған жоба облыстық және аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асты. Жолды тегістеу жұмысы жүргізіліп, асфальт жабындысы төселді.

Осы жол – Алтын Шоқы, Хан Ордасы сынды киелі тарихи орындарға апаратын негізгі бағыттың бір бөлігі. Жолдың жаңартылуы туризмді дамытуға, өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін кеңінен танытуға және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, аудан орталығына іргелес орналасқан Айыртау елді мекеніне апаратын 5,5 шақырымдық кіреберіс жолда да орташа жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс барысында ескі жол жабындысы суық фрезерлеу әдісімен алынып тасталып, жаңадан су өткізу құбырлары орнатылды. Жол үстіне қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі таңда 700 метр жол учаскесіне асфальт төсеу жұмысы қарқын алды. Тегістелген жолға толық асфальт жабындысын төсеу жұмыстары кестеге сәйкес 2026 жылы аяқталады.

Сонымен қатар, Ұлытау ауылындағы «Рәміздер алаңына» дейінгі 0,25 шақырымдық көтерме жол жаңадан салынды. Жол жабыны жартас топырағымен нығыздалып, су тасқынының алдын алу үшін ұзындығы 11 метр болатын екі нүктелі су өткізгіш құбырлар орнатылды.

Аталған жоба аясында алаң маңындағы 350 шаршы метрді қамтитын автотұраққа асфальт төселді.

Ұлытау облысы