Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 халық аралық турнирінің бас жүлдесін еліміздің бірінші ракеткасы Е.Рыбакина жеңіп алды. Осы толайым табыстың арқасында Елена аптаның басынан ресми түрде әлемнің жетінші ракеткасы болады.
Турнирдің бірінші айналымында бос болған Е.Рыбакина екінші турда украиналық теннисші Даяна Ястремскаямен (№30 WTA) кездесті. Аса тартысты өткен ойын жерлесіміздің пайдасына шешілді, есеп – 6:4, 6:7(6), 6:3. Ширек финалда Елена аустралиялық Айла Томляновичті (№104) тас-талқан етіп ұтты – 6-2, 6:0. Жартылай финалда ежелгі қарсыласы, италиялық Жасмин Паолиниді де еркін еңсерді, есеп – 6:3, 6:2. Шешуші кездесуде ресейлік Екатерина Александрованы үш сетте, 3:6, 6:0, 6:2 есебімен жеңді.
Нинбо корттарында бұрнағы ойынын тапқандай, барынша жинақы ойнап, шеберліктің нағыз үлгісін көрсеткен Елена қоржынына 500 рейтингтік ұпай салып, 101 000 доллар (54 259 220 теңге) табыс тапты. Сөйтіп, 1–8 қараша аралығында Эр-Рияд (Сауд Арабиясы) қаласында өте-тін жылдың қорытынды турнирі-не қатысу мүмкіндігі арта түсті.
Жалпы, бұл жеңіс Е.Рыбакинаның биылғы маусымдағы екінші жетістігі. Мамыр айының басында ол Францияның Страсбург қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирде топ жарған болатын.
Қазірде Е.Рыбакина 4505 рейтингтік ұпайға ие, оның ең жақын ізбасарларында сәйкесінше 4449, 4319 ұпай бар. Сондай-ақ рейтингте алтыншы орында тұрған Жасмин Паолиниден бар-жоғы 20 ұпайы кем екенін де айта кеткен
жөн.