Батысқазақстандық дәрігерлер енді Оңтүстік Кореяда тағылымдамадан өтіп, біліктілік арттырады.

Өңір басшысы Нариман Төреғалиев Квандонг университеті жанындағы «Святая Мария» халықаралық клиникасының басшылығымен кездесті. Тараптар екі жақты әріптестік жайын талқылап, ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

«Святая Мария» клиникасы Ичхон қаласындағы Квандонг университетінің жанынан ашылған. Емдеу мекемесінің құрылғанына көп болмаса да, мұнда танымал ғалымдар тұрақтаған. Сырқат сырын тап басып, шипалы ем тағайындаумен аты шыққан ауруханада енді батысқазақстандық дәрігерлер де тәжірибе жинамақ.

Ко Дон Хён, клиниканың бас дәрігері:

- Біздің клиника сан салалы. Соның ішінде кардиоваскулярлы хирургия, нейрохирургия бойынша жетістіктеріміз көп. Университет ішінен бөлек орталық аштық. Ол дәл диагностика жасайтын заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Бізге келетіндер әуелі емтихан тапсырады.

Кездесу аясында тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ақпарат алмасып, халықаралық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға, заманауи әдістер мен технологияларды енгізуге, күрделі сырқат бойынша кәсіби кеңестер өткізуге уағдаласты.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Оңтүстік Кореядағы танымал клиника, сондықтан біз олардың профессорларын, жақсы мамандарын елге әкеліп, жергілікті мамандармен бірлесіп жұмыс істесе деген ойларымызды айттық. Себебі олардан тәжірибе алуымыз керек. Сонымен қатар онлайн консультация жөнінде келістік. Қандай да бір мұқтаж аурулар болса, клиниканың ең мықты беделді мамандары онлайн консультация жасауға дайын.

Облыс әкімі өз сөзінде халықаралық серіктестіктің өңірлік денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңыздылығын, медициналық қызмет сапасын арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов