Кореяда өткен Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (IAUP) мерейтойлық конференциясына Алматыдағы жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты, деп жазады Egemen.kz.

Конференцияда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «AI-ready nation: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, елімізде жасанды интеллект экожүйесі белсенді дамып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, елімізде жасанды интеллекті білім беру жүйесіне, экономикаға және мемлекеттік басқаруға интеграциялауға бағытталған саясат пен инфрақұрылым қалыптасып келеді. Айтуынша, жаңа оқу жылының басынан бастап бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізуге және білім сапасын арттыруға бағытталған OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру моделін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен серіктестікте ChatGPT платформасының мемлекеттік тілдегі функционалын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, Қазақстанның тарихи мұрасы мен мәдениетіне қатысты жауаптардың нақтылығы мен шынайылығын арттыруға ерекше назар аударылып отыр.

Конференцияға Қазақстанның Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрғали Арыстанов, сондай-ақ «Семей медицина университеті», «Азаматтық авиация академиясы», Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті, Қонаев университеті, Almaty Management University сияқты еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Конференцияда сөз алған Almaty Management University негізін қалаушы және ректоры, Халықаралық университет президенттері қауымдастығының атқарушы комитетінің мүшесі Асылбек Қожахметов «Зерттеулер мен тұрақты қаржыландыру арқылы инновацияларды дамыту» сессиясында баяндама жасап, «Бүгінде Қазақстан заманауи экономиканы бірізді түрде қалыптастырып келеді — бұл уақытша үрдіс емес, саналы және стратегиялық қажеттілік. Соңғы алты жылда елімізде ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі алты есе артты, бұл өз нәтижесін беріп отыр. Университтерде жүргізіліп жатқан зерттеулер ғылымға салынған инвестициялар көлемі мен отандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігінің артуы арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдейді» деп атап өтті.

Конференция аясында Кореяның Seoul Cyber University, Youngsan University және Бангладештің Daffodil International University сияқты шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру технологияларын енгізуге бағытталған.

IAUP өңірлік конференциясы келер жылы Алматы қаласында өтеді.

АЛМАТЫ