Риддер қаласында тұрмыстық қалдық тастайтын контейнерлер толық жаңартылып, олар орнатылған жерлерге жөндеу жүргізілмек. Бұл жұмысқа қажетті қаражат бюджеттен бөлінеді. Әзірге қоқыс жинайтын шаруашылық өз есебінен 50 жаңа контейнер сатып алды. Компания қоқыс таситын көліктерді де жаңартпақ. Қазір қаланың шағын аудандарындағы тұрмыстық қалдық жинау нысандары ретке келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін тұтыну тарифіне өзгеріс енгізілді. Бірінші қарашадан бастап қала тұрғындары бұл қызмет үшін адам басына 803 теңгеден төлейді. Әлеуметтік осал топтарға жеңілдік қарастырылған.

Рамиз Ибрагимов, коммуналдық мекеме директоры:

- Бірінші топтағы мүгедектер, кәмелетке толмаған мүгедек балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар қоқыс шығаруға төлемақыдан толықтай босатылады.

Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:

- Мердігер мекеме өз міндеттерін ойдағыдай атқарып отыр. Келер жылы қаладағы тұрмыстық қалдық жинайтын жәшіктерді толық жаңалап, сиымдылығы үлкен контейнерлер орнатамыз.