Халықаралық туризм – экономикалық өсімді арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Әлем елдері сырттан келетін туристер ағынын күшейтудің түрлі жолын іздеп келеді.
Алайда COVID-19 пандемиясы бұл саланы бұрын-соңды болмаған дағдарысқа ұшыратты: халықаралық сапарлар күрт азайып, индустрия күйзеліске түсті. БҰҰ дерегінше, 2020 жылы халықаралық туристер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 73 пайызға төмендеген. Осы құлдыраудан кейін әлем елдері туризмді қалпына келтірудің жаңа жолдарын іздеді. Індет бәсеңдеген соң, визалық шектеулерді жеңілдету халықаралық туризмді жандандырудың басты құралына айналды. Визасыз режим шетелдіктердің өмірін қалай жеңілдетті, ал нені қиындатты?
Қытай соңғы жылдары визалық саясатты кеңейтіп, елге келушілер легін арттыруға және мәдени алмасуды дамытуға күш салып келеді. Мәдениет және туризм министрлігінің дерегінше, 2024 жылы елге 26,9 млн шетелдік кірген – бұл өткен жылмен салыстырғанда 96%-ға көп. Қазір Қытай 75 елмен біржақты визасыз режим орнатқан. Сонымен қатар 55 елдің азаматтары 24 өңірдегі 60 порт арқылы 240 сағатқа дейін визасыз транзитпен жүре алады. Ел ішінде виза ұзарту мен қайта рәсімдеу қызметтері де жеңілдетілген. Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар саяхат шығынын азайтып, Қытайды қолжетімді әрі қонақжай елге айналдырды. Нәтижесінде «Қытайға саяхат» жаңа жаһандық трендке айналды. Елге келушілердің саны барған сайын көбейіп, сауда нарығына да оң әсерін беруде.
Түркия елі де визасыз және жеңілдетілген виза саясатын кеңейтіп, туризмді айтарлықтай дамытты. 2025 жылы 78 елдің азаматтары бұл елге визасыз кіре алады, ал АҚШ азаматтары үшін талап мүлде жойылған. Нәтижесінде 2024 жылы Түркия туризмнен 61 млрд доллар табыс тапты. Анталия, Каппадокия және Ыстамбұлға келушілер саны күрт өскен. Бұл экономиканы көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етті. Дегенмен туристердің көптігі кей қалаларда тұрғын үй бағасын қымбаттатып, инфрақұрылымға салмақ түсірді. Соған қарамастан Түркия визалық реформалар арқылы елін халықаралық байланыстар орталығына айналдырып, адамдар арасындағы мәдени және іскерлік қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтерді.
Ал Оңтүстік Корея соңғы жылдары визалық саясатты жаңартып, әлемдік туризмге есігін айқара ашты. 2023 жылдан бастап бірнеше елмен визасыз режим қалпына келтіріліп, қысқа мерзімді сапарларға арналған K-ETA атты электронды рұқсат жүйесі жеңілдетілді. Бұл шешім туризмді жандандырып, пандемиядан кейінгі экономиканың қалпына келуін жеделдетті. 2024 жылы елге келген шетелдік туристер саны пандемияға дейінгі көрсеткіштің 90%-ына жетті. Туристер үшін аудармашы-қосымшалар, салықсыз сауда нүктелері мен қоғамдық көліктегі жеңілдіктер енгізілді. Алайда танымал бағыттардағы бағалардың өсуі мен ұзын-сонар кезектер жергілікті тұрғындарға қолайсыздық тудыра бастады. Кейбір шетелдіктердің визасыз келіп, рұқсат мерзімін асырып қалу жағдайлары да жиіледі. Дегенмен Корея тәжірибесі визасыз саясаттың экономикалық серпін беріп, мәдени ықпалдастықты күшейткенімен, бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігін айқын көрсетті.
Авторы: Әйгерім Ардаққызы