Алматының жаңа әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарға үн қатты, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Дархан Сатыбалды алматылықтарды қаланы бірге көркейтуге шақырды. Қала әкімі Instagram парақшасында алғашқы жұмыс күнінде Мемлекет басшысы қабылдағанын жазды.
"Президент қала дамуына қатысты нақты тапсырмалар берді: тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, экономиканы әртараптандыру, қаланың инфрақұрылымын кешенді жаңғырту, жол-көлік жүйесін жақсарту және экологиялық мәселелерді шешу", — деді ол.
Оның айтуынша, әкімдіктің басты міндеті — әрбір алматылықтың мүддесіне сай қаланың түйткілді мәселелерін шешу.
"Алматылықтардың әл-ауқаты мен жайлы өмірі үшін адал әрі жанашырлықпен еңбек етіп, қаламыздың гүлденуіне бар күшімді салу — мен үшін үлкен мәртебе. Құрметті алматылықтар, тізе қосып еңбек етсек, Алматыны одан әрі көркейте аламыз деп сенемін", — деп жазды Дархан Сатыбалды.
Еске салайық, 2025 жылы 24 мамырда Ерболат Досаев Алматы қаласының әкімі лауазымынан босатылды.
Оның орнына Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!