Алматыда қала күніне арналған дәстүрлі Alma Fest фестивалі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Тұңғыш Президент саябағы молшылық пен ұлттық дәстүрлер мерекесіне айналды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары үшін 100 тонналық алма жәрмеңкесі ашылды. Онда апорттан бастап алманың әртүрлі сорты қойылды. Бұдан өзге саябақ аумағында концерттік бағдарлама, ұлттық бұйымдар көрмесі, шеберлік алаңы, ашық аспан астындағы кинотеатр ұйымдастырылды. Фестивальді өнер өкілдері концерттік бағдарламамен қорытындылайды.
Бағжан Жайшыбаев, шаруа:
- Біздің шаруашылық қожалығында 21 түрлі сорт алма бар. Бірақ біз қазіргі таңда «Башкирская красавица» дейді, сонымен қоса «Азер Голд» түрлерін сатамыз, Америка, Ұлан, Сенат, Восход және Золотой Восход деген түрлерін сатып жатырмыз.
Васпия Лазгиева, шаруа:
- Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылынан келдік. Біздің ауылдың алмасы керемет. Апорт өсіріп, 10 жылдан бері осы фестивальге қатысып келеміз. Мереке жақсы өтіп жатыр.