Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония залында « Астана Балет» театрының гастрольдік көрсетілімі өтті. Қостанай тұрғындары екі кеш қатарынан әлемдік классика жауһарларын, заманауи қойылымдар мен ұлттық хореография өнерінің ғажайып туындыларын тамашалады.
Көрерменге лық толы филармония залында екі күн бойы ине шаншар жер болған жоқ. Бекзат өнерге сусап қалған көпшілік театр труппасын тік тұрып қарсы алып, қойылым барысында қошеметке көміп отырды. Гастрольдік сапар аясындағы алғашқы кеште қалың көрермен Жорж Бизенің әйгілі «Кармен» операсының негізінде хореограф Альберто Алонсо сахналаған бір актілі «Кармен-сюита» балетін тамашалады. Кезінде Родион Щедрин оркестрге лайықтаған, Майя Плисецкая үшін арнайы қойылған атақты туынды көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Осы кештің екінші бөлімі елімізге белгілі композитор Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» спектакліне жалғасты. Жан тебіренткен әсерлі кеш театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өткенін де айта кеткен жөн.
Келесі күні балет театры ынтық көрерменіне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы дала мұрасы» ұлттық дивертисментін тарту етті. Бір сәт тарих бедерінен керуен боп көшкен сан кезеңнің тынысы, сайын дала төсінде салтанат құрған көшпелілер мәдениеті бүтіндей бір сахнаға сыйып кеткендей. Театр ұжымының осыншама көлемді дүниені бір сағаттың ішінде талғампаз көрерменнің көкірек төріне қондыра алғанына тәнті боласыз. Сахнадағы сан алуан хореографиялық миниатюралар, асқан талғаммен тігілген әсем ұлттық киім үлгілері, дәстүр мен қазіргі заманның үйлесімі, бишілердің ғажайып қозғалысы – бәрі-бәрі көпшілікті қайран қалдырып, ерекше бір ғажайып күйге шомдырғаны анық.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған «Ұлы дала мұрасы» қойылымын тамашалап, тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажайып әсер алып шықтық. Ұлттық балеттің соншалықты биік деңгейде екеніне көзіміз жетті. Сахнадағы көздің жауын алатын әсем костюмдер, бишілер қозғалысындағы қайталанбас пластика, үйлесімділікке тәнті болдым. Әртістер де бой-тұлғасы, түр-сымбаты жағынан бір-бірімен керемет үйлесім тапқан. Мұндай аса күрделі әрі көркем туындыны сахнаға алып шығу үшін, сөз жоқ, асқан дарын, табанды еңбек, жоғары талғам керек деп білемін. Сондай-ақ Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың сүйіспеншілік тарихын баяндайтын қойылымда бас кейіпкердің бас әншісі орыс қызы болды. Өз рөлін өте тамаша орындап шықты. Бұл да маған қатты әсер етті. Осындай әсерлі кеш, ұмытылмас мереке сыйлаған «Астана Балет» театры ұжымына шын жүректен алғыс білдіремін», дейді көрерменнің бірі Лейла Исаева.
Қостанай облысы